Қазығұрттан Қазақстан Барысына

469
0

Қазығұртта 4 мамыр күні көптен күткен спорт мерекесi ауданның орталық стадионда жоғары деңгейде дүркiреп өттi.
«Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жүлдесi үшiн 55-рет ұйымдастырылған сайыстың ашылу салтанатында Қазығұрт ауданының әкiмi Болатбек Қыстауов сөз сөйлеп, палуандарға сәттiлiк тiледi. Жазушылар, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерлерi Еркiнбек Тұрысов пен Мархабат Байғұт сынды ел ағалары да дәстүрлi сайыс туралы жылы лебiздерiн бiлдiрдi. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Бейсенбай Тәжiбаев қазығұрттықтарды спорт мерекесiмен құттықтап, осы жарысты келесi жылы өткiзетiн Мақтаарал ауданы әкiмдiгiнiң өкiлiне ауыспалы кубоктi салтанатты түрде табыстады.

Бұл жарысқа облысымыздың 8 ауданы мен 2 қаласынан және 2 жоғары оқу орнынан 12 команда келiп, жалпы саны 120-ға жуық палуан бақ сынады. Олардың арасында әлем және Азия чемпиондары, ел бiрiншiлiгiнiң жеңiмпаздары мен жүлдегерлерiнiң болуы – Қазығұрт боз кiлемiнiң сәнiн келтiрiп, жанкүйерлердiң делебесiн қоздырды. Ә дегеннен-ақ «iске кiрiскен» палуандар таңғы сағат 9-да белдесулерiн бастап кеттi. Түске дейiн iрiктеу сындарын өткiзген бiлектi жiгiттер, түстен кейiн жартылай финалдық және ақтық сын бәсекелерiн өткiздi. 54 келi салмақ дәрежесiнде ақтық сында шымкенттiк Айдос Отарбаев ОҚМПИ-дiң палуаны Олжас Лесбековтi жеңiп, жарыс жеңiмпазы атанды. Айдос ақтық сынға дейiн мақтааралдық, ордабасылық, шымкенттiк спортшыларды қапыда қалдырды. Қола жүлде М.Әуезов атындағы ОҚМУ студентi Құрбанбек Әдiлбековке бұйырды.
60 келi салмақ дәрежесiнде ОҚМПИ-дiң қос спортшысы Мақұлбек Алтыбеков пен Бауыржан Әбiлқас финалда кездестi. Тартысты бәсекеде Бауыржанның бағы жанып, бiрiншi орынға ие болды. Үшiншi орынға Шымкент қаласының палуаны Самат Сапишев шықты.
66 келi салмақ дәрежесiндегi белдесулерге  қатысуға 18 спортшы ниет бiлдiрдi. Алғашқы сындардан-ақ мықтылығын байқатқан ордабасылық Мейiржан Қалтаев қазығұрттық А.Таушаевтi, сосын шымкенттiк Н.Махамбеттi және жартылай финалда түркiстандық Н.Пернебаевты ұтты. Осы қарқынын бәсеңдетпеген ол ақтық сында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң палуаны Оңлас Тiлеубергеновтiң де жауырынын жерге тигiзiп, алтын жүлдеге қол жеткiздi. Қола жүлде түркiстандық Сәбит Нарзуллаевтың омырауында жарқырады.
74 келi салмақ дәрежесiнде белдескен 19 спортшының арасынан ОҚМПИ-дiң студентi Бақытжан Барбановқа тең келер ешкiм болмады. Ол финалда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң мықтысы Әлiмжан Әбдiрайымовты жеңдi. Ал, талай жыл бойы осы салмақта ешкiмге дес бермей жүрген түркiстандық Қайрат Пазылбек қола жүлдемен шектелдi.
82 келi салмақ дәрежесiнде де кiл мықты спортшылар өнер көрсеттi. Бұл сында ордабасылық Мұрат Бәкiрге тең келер ешкiм болмады. Ол жартылай финалда әйгiлi палуан Бақытжан Қаныбековтен айласын асырып, финалда Қазығұрт ауданының мықтысы Сұлтан Сәтбаевтың осал жерiн тапты. Бұл жерде осы жарыстың «ардагер» палуаны, 40 жастағы Сұлтан Сәтбаевтың ерлiгiн айта кеткен жөн. 20-25 жас аралығындағы жалындап тұрған iнiлерiне қайраты қайтпағанын дәлелдеген ол күмiс жүлдеге ие болып, қазығұрттықтардың намысын абыроймен қорғап қалды. Ал, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң студентi Бақытжан Қаныбеков қола жүлдегер атанды.
90 келi салмақ дәрежесiнде барлығы 10 палуан күш сынасты. Бұл сында шымкенттiк әлем чемпионы Нұрзат Бегасылов барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңiп шықты. Ақтық сында Нұрзаттан жеңiлген ордабасылық Мақсат Батырбеков күмiс, ал, түркiстандық Нышан Құдайбергенов қола жүлденi қанағат тұтты.
90 келiден жоғары салмақ дәрежесiндегi белдесулер өте қызықты өттi. Алыптардың бәсекесiнде ОҚМПИ-дiң атынан сынға түскен отырарлық Сабыржан Әбiлдаұлы барлық жекпе-жектерiн сауатты өткiзiп, финалда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң әйгiлi палуаны Сәкен Бөлегеновтi ұтып, өз салмағында теңдессiз екенiн дәлелдедi. Алыптармен тең дәрежеде айқаса бiлген түркiстандық Жомарт Фазылов үшiншi орынды мiсе тұтты. Айтпақшы, бұл сынға еркiн күрестен аса ауыр салмақтағы Қазақстан құрамасының спортшысы, Азия бiрiншiлiгiнiң қола жүлдегерi Ержан Дүйсебеков те қатысты. Дегенмен, еркiн күрес шеберi қазақ күресiнiң жiлiгiн шағып, майын iшкен спортшылардан аса алмады.
Командалық есепте жүлделi орындарды «күреп алған» ОҚМПИ-дiң жiгiттерi бiрiншi орынды жеңiп алды. Екiншi орынды Ордабасы ауданының палуандары иемденсе, үшiншi орын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң спортшыларына бұйырды.
Жарысты «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас жүлдесiн бiрнеше рет жеңiп алған  Леонид Приказчиков пен ордабасылық ардагер палуан Нұрлан Асилов та тамашалады. Оларға облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаев құрмет көрсетiп, бағалы сыйлық тапсырды.
Жетi салмақ  дәрежесi бойынша мықтылар анықталған соң жанкүйерлер қазақ күресiнiң нағыз оғландары бақ сынасатын «түйе палуандар» бәсекесiне көз тiктi. Оңтүстiкте аса ауыр салмақта бiр-бiрiн алма-кезек ұтып жүрген мықты палуандар жетерлiк. Сондықтан әрбiр белдесулер әдемi әдiс-тәсiлдер мен тартысты сәттерге толы болды. Оның үстiне «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң биылғы жарысында «түйе палуан» атанған және ақтық сынға шыққан спортшы республикалық «Қазақстан барысы» турнирiне жолдама алатынын айтқанбыз. Қазығұрт ауданының әкiмдiгi бас жүлдеге тiккен жаңа «темiр тұлпар» да  палуандардың қайратына қайрат қосып, жарыстың беделiн арттыра түстi.
Әлқисса, сонымен жұртшылық асыға күткен «түйе палуандар» сайысы да басталды. Бұл сынға арыстан жүректi, болат бiлектi 32 апайтөс палуан қатысты. Қазығұрттың орталық стадионына жиылған ағайын бас жүлдеге таласып, бар күш-жiгерлерiн жұмсаған жiгiттердiң тартысты белдесулерiн тапжылмай тамашалады. Әсiресе, боз кiлемге салмағы 130 келiден асатын ордабасылық Бақыт Көлбай, «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң былтырғы «түйе палуаны» Сабыржан Әбiлдаұлы, әлем чемпионы Нұрзат Бегасылов шыққанда жиылған қауым дүр сiлкiнiп, жүректi жiгiттерге қошемет көрсетiп отырды. Көпшiлiк күткендей-ақ жоғарыда аталған төрт палуан да жүлделi орындарға алқынбай жеттi.
Жартылай финалдың алғашқы жұбында Сабыржан Әбiлдаұлы мен Нұрзат Бегасылов кездестi. Бiр-бiрiнiң сырын өте жақсы бiлетiн сыралғы қарсыластар өте сақ күрестi. Былтыр «Оңтүстiк Қазақстанның» жүлдесi үшiн Шәуiлдiрде өткен сында осы жiгiттер финалда кездесiп, Сабыржанның бағы жанып, «темiр тұлпарды» тақымға басқан болатын. Ал, Қажымұқанның 140 жылдығына арналған халықаралық жарыста Нұрзат есе қайтарды. Сол қос мықтының жолы қайта түйiскен сында Сабыржан да, Нұрзат та жиi шабуылдады. Дегенмен, бiрнеше рет әдiстер сапасыз жасалды. Нәтижесiнде негiзгi уақытта екi палуан да бүк ұпайына ғана ие болып, мықтыны анықтай алмады. Төрешiлер жiгiттердi белдестiрдi. Бiр-бiрiн ала алмай тұрған қос оғланның тартысын тамашалаған жанкүйерлер демiн iшiне тартып, сiлтiдей тынған. Белбеуден қыса ұстап бiр-бiрiнiң осал жерiн табуға тырысқан жiгiттер жанұшыра қимылдауда. Сондай тартысты сәттердiң бiрiнде қос палуан да боз кiлемге тiзерлей құлады. Төрешiлер Сабыржанның қолы белбеуден сәл шығып кеткенiн байқап, жеңiстi Нұрзатқа бердi.
Екiншi жартылай финалдық сында Бақыт Көлбай мен Сәкен Бөлегенов күрестi. Бiр қызығы, өз салмақ дәрежесiнде Бақыт нашар күресiп, жарысты ерте аяқтаса, Сәкен жүлделi үшiншi орынға ие болған. Бiрақ Бақыт бар күшiн «түйе палуандар» сайысына сақтаған екен. Салмағының ауырлығын сәттi пайдаланған ол бүк, жамбас ұпайларын олжалай отырып, жеңiске жеттi.
ОҚМПИ-дiң атынан шыққан ордабасылық Бақыт Көлбай  мен Бәйдiбек ауданының тумасы Нұрзат Бегасылов арасындағы ақтық сын бәсекесi тартысты өттi. Қос паулан да бұрын-соңды «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жүлдесiне арналған сайыста «түйе палуан» атанып көрмеген. Бас жүлдеге тiгiлген автокөлiк те  «жұтынып» тұр. Бұла күштерi бұлтылдап, болаттай берiк әрi қуатты қолдарымен бiр-бiрiне шап берiп, арыстанша алысқан жiгiттер алма-кезек бүк, жамбас ұпайларына ие болды. Дегенмен, ұпай қорын молайтып алған Бақыт қарсыласына еш мүмкiндiк бермедi. Қарсыласын екi рет жамбас әдiсiне салуға талпынған Нұрзат өзiнен 40 келi ауыр Бақытты көтере алмады. Сауатты қорғанып, қарымта шабуылдар арқылы қарсыласын тұқыртқан Бақыт Көлбай жартылай жеңiс ұпайымен жеңiске жетiп, бәсекенiң «түйе палуаны» атағына қол жеткiздi. Шыны керек, биылғы сайыста ОҚО №3 ОРМБЖСМ-нiң спортшысы әрi  ОҚМПИ-дiң палуаны Бақыт Көлбайдың бағы да, бабы да басым болды. Бұрын баяу қозғалатынының арқасында есесiн жiберiп қойып жүрген бұл палуанның қимылы да ширай түскен.
Әр салмақтағы жарыс жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi диплом, медаль және бағалы сыйлықпен марапатталды. Жеңiмпаздарға жүлденi облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан, облыстық iшкi саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева және облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаев тапсырды. Белгiлi қаламгерлер мен журналистер де жүлделi үш орынды иемденген команда жетекшiлерiне естелiк кубок бердi. Елiмiзге белгiлi журналист Әмiрсейiт Әлиев атындағы жүлдеге қырық жасында қамал бұзған  қазығұрттық Сұлтан Сәтбаев лайық деп танылды. Оны қаламгердiң перзентi табыстады. Сондай-ақ, демеушiлер тарапынан жарыстың бас төрешiсi Қуаныш Наханов пен бас хатшысына да бағалы сыйлықтар тапсырылды. Одан кейiн жұрт асыға күткен «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң дәстүрлi 55-турнирiнiң «түйе палуаны» Бақыт Көлбайды марапаттау рәсiмi басталды. Түйе палуанға жаңа ВАЗ-21015 автокөлiгiнiң кiлтiн Қазығұрт ауданының әкiмi Болатбек Қыстауов тапсырды.
Жеңiске жеткенiне көңiлi көтерiлген Ғани Ақмұратовтың шәкiртi қос қолын аспанға көтерiп, жүзiне күлкi үйiрiлiп, қуанышын жасыра алмады.
— Бұл айтулы дәстүрлi жарыста жолым болмай жүрдi. Биыл бағым жанып, бiрiншi рет «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жүлдесiне арналған сайыста «түйе палуан» атандым. Оған өте қуаныштымын, — дедi Темiрланның тарланы Бақыт Көлбай.
Осылайша қасиеттi Қазығұрт тауының етегiндегi палуандар бәсекесi де аяқталды. Сайысқа қатысқан жаттықтырушылар мен спортшылар қонақжай қазығұрттықтарға ыстық ықыластарын бiлдiрдi. Айтулы жарысты абыройлы өткiзген аудан әкiмдiгi сайысқа келген қаламгерлер мен қонақтарға естелiк сыйлық ұсынып, жомарттық танытты. Қонақтарын қошеметтеп шығарып салған қазығұрттықтар эстафетаны мақтааралдықтарға бердi. Бұйыртса, келесi жылы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 56-турнирi Мақтаарал ауданында өтедi. Ендеше, талай жас сайыпқырандардың томағасын сыпырған облыс баспасөзi қарашаңырағының келесi дүбiрлi додасында кездескенше, қадiрлi ағайын!

Ғабит САПАРБЕКОВ, Шымкент.