ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ ҮЙ САПАЛЫ ЖАРЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

97
0

Жарықтың  бір тәулікке немесе одан да көп уақытқа ажырауы техногенді сипаттағы жағдай ретінде бағаланады.

Жыл басында қатты жел мен жауған қар салдарынан Түркістан облысы бойынша 35 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған болатын. Қарлы боран салдарынан жарықсыз қалған аумақтардың қатарында Түркістан қаласы да бар.

Содан соң бірнеше күннің ішінде қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, қаладағы тұрғын үйлердің бәріне электр жарығы берілген. Сол уақыттан бастап жергілікті билік халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарына басымдық беруге екпін түсірді.

Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың есебін мәлімдейді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Қаладағы  Ә. Жангелдин көшесі аумағында орналасқан  тұрғын үй массивін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға жолданды. Соның негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды.  Межеленген міндет толық іске асқанда 38 көшеде орналасқан 1332 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде қолға алынған жұмыстың  90% орындалды.

Одан өзге Түркістан қаласында алдыңғы жобаларға енбей қалған, «Яссы», «Шавгар» мөлтекауданында және ХҚТУ тұрғын үй массиві аумағындағы тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету нысанына жобалық- сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға жолданды. Соның негізінде 67 көшеде орналасқан 1242 абонент сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Қазіргі таңда сапалы жарыққа абоненттердің  80% қосылды. Жеке тұрғын үйлерді сапалы электр қуатына қосу жұмыстары жалғасуда.

«Түркістан облысы Түркістан қаласының С. Қожанов, Байбұрт көшелерінде 10-0,4кВ кабель желілерін салу құрылысы» нысаны бойынша жұмыстар толық аяқталды. Оның  сметалық құны 572,385 мың теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған жұмыстардың есебінен қаладағы  2843 тұрғын үй жалпы қуаты 4019кВт электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.