МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС

94
0

Елімізде медицина саласының дамуына айрықша назар аударылып келе жатыр. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында аталған салаға айрықша тоқталып өтті. Өз кезегінде, еліміздің түкпір-түкпірінде аталған саланың дамуы үшін барынша жағдайлар жасалып келеді. Мәселен, Шымкент қаласында ағымдағы жылы бірнеше медицина мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында емхана ашылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес.
Бұрындары ауыр оталарды жасату үшін Алматы мен Астанаға аттанатын азаматтардың бүгінде жергілікті медицина ұйымдарына жүгінуі жиілеген. Себебі медицина саласының сапасы артып, мүмкіндігі кеңейген. Жуырда шымкенттік ақ халаттылар алғаш рет сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа күрделі отаны сәтті жасады. №2 қалалық аурухана базасында болған ота кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған. Нақтырақ тоқталар болсақ, аталған ауруханаға бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдаған науқас түскен болатын. Оның ахуалы күрделі еді. Сүйек буындары ауырсынған, дене бітімі де кішірейіп, бойы шөккен. Ұзақ тексеру барысында оның ағзасынан кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталады. Міне, осылайша ақ халаттылар ота жасауға шешім қабылдап, едел-жедел іске кіріседі.
Нәтижесінде жоғарыда аталған қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалады. Осы отадан кейін оның жағдайы жақсарып, ауырсыну басылған. «Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып, әр аптада қан талдауға алынуда. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, консилиум құрдық. Консилиум құрамына 10-ға жуық дәрігер кірді» дейді дәрігер-нефролог Мадияр Қыстаубаев. Ақ халаттылар аталған отаның түрі накозды қажет етпейтін және асқынуларды болдырмайтын хирургиялық ем түрі екенін айтады. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер тексеру жұмыстарын жиі жүргізіп, жағдайынан хабар алып жатыр. Айта кету керек, соңғы уақытта шымкенттік ақ халаттылар күрделі ота түрлерін қаладағы ауруханалар базасында жасап, науқастардың өмірін аман сақтап келеді. Мұның өзі салада қолға алынған жемісті жұмыстардың нәтижесін айғақтаса керек…