ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ БЮДЖЕТІ 5 ЖЫЛДА 11 ЕСЕ ӨСТІ
Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайған, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді.
Жалпы Еңбекші ауданының жер көлемі 20 660 гектар жерді құрайды. Аудан 35 елді мекеннен құралса, онда 313 200-ден астам халық қоныстанған. Бүгінде Еңбекші ауданының бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге жеткен.
Ауданның негізгі қаржы көздерінің бірі — ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері боп табылады.
Қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп тапсырған болатын. Осыған орай ауданда жаңадан 1 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Жаңа “Жұлдыз” экономикалық аймағына қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қызу жүргізілуде.
Аудан әкімі Досбол Есілбек құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланғанын, нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, сондай-ақ 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын жеткізді.
Айтып өтейік, жиынға халықпен қоса қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есепті кездесу әдеттегідей Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Өңір басшысы Мұрат Әйтенов жыл басынан бері бірқатар аудан, елдімекен, тұрғын алап тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Өткен кездесулердегі мәселелер әкім өз назарына алып, тиісті шараларды қабылдап, бірнеше мәселелер шешімін табуда. Алдағы уақытта аталған мақсатты көздейтін кездесулер әрі қарай өз жалғасын табады.