ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖЫЛУ ЖЕДЕЛ БЕРІЛЕДІ?
Түркістан қаласында жылу беру маусымы 1-қарашада басталады. Егер одан бұрын сыртқы ауа температурасы қатарынан үш күн бойына +8 С-тан төмен болған жағдайда қалаға жылу берілетін болады. Себебі жылу желілерінде 50 адамнан аса адамдардың тіршілік әрекеті жағдайының бұзылуы техногенді апат санатына жатады,-деп хабарлайды uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаладағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е.Рысбеков қазіргі таңда жылу жүйелеріне 2022-2023 күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша кешендік іс-шаралар өткізіліп жатқанын мәлімдеді.
Өз кезегінде ол ағымдағы жылы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден жылу аралық кезеңде кәсіпорын келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастап кеткенін атап өтті.
Алдағы 2022-2023 жылыту маусымына қалалық жылу трассаларында дайындық шеңберінде жылумен жабдықтау жүйесін жөндеу және жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар басталады.
Бүгінде Түркістан қаласында жалпы 40 579 абонент бар болса, соның 95,2 пайызына табиғи газ берілген. «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан қаладағы І-ші мөлтек ауданда — 58, ІІ-ші мөлтек ауданда 15, ТГЖД аумағында — 2, «Отырар» мөлтекауданында -38, Әкімшілік іскер орталығында — 14 жалпы 127 көпқабатты тұрғын үйлер орталық жылумен қамтиды. Бұдан бөлек, І-ші мөлтекаудандағы -28 бюджеттік, 55- кәсіпкерлік заңды тұлғаларға, 52 жер телімді тұрғын үйлер мен мәдени- рухани орталығындағы 11 нысанға жылу жеткізеді.
Ал, табиғи газға қосылмаған жеке тұрғындар мен нысандарға 2022-2023 жылдардың жылу беру маусымына шамамен 21 000 тонна көмір қажет деп жоспарлануда. Бүгінде отын базасында 1 тонна көмірдің бағасы 14800 теңгені құрап отыр. Қазіргі күнде қаладағы көмір базаларына 40000 тонна көмір тасымалданған. Оны мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары жеткізіп алуда.
«Газбен қамтамасыз етуші «ҚазТрансГаз Аймақ» ашық акционерлік қоғамымен келісім шарт жасалған. Кәсіпорында жылу беру маусымында 146 штат жұмыс атқарады. 2022-2023 жылғы жылу беру маусымында бекітілген ереже мен нормативтерге сәйкес үздіксіз жұмыс атқарылды. Қала қысқы маусымға толық дайын», — деді кәсіпорын директоры.