ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ҚАТЫСУЫМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

1127
0

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін өзекті мәселе. Сәйкесінше, әлем елдері бұл түйткілдің түйінін ағыту мақсатында батыл қадамдарды бастап, жүзеге асырып келеді. Бұл іс-шаралардан Қазақстан да тыс қалған емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген.

Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек. Бұл бағытта қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жуырда Түркістан қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Қыдырбаев Талғат Алпысбайұлы мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға деген көзқарастарын білу. Келелі жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің соңы жауапкершілік арқалауға әкелетіні түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге өзінің құқықтары мен міндеттері терең түсіндірілді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр» деген болатын. Сәйкесінше, соңғы уақытта кеселді мәселемен күрес шаралары қарқын алып келеді. Әсіресе, халықтың құқықтық сауатын арттыруды көздейтін бірқатар бастамалар жүзеге асып келе жатыр.

Бұл ғана емес, соңғы кездері сыбайлас жемқорлық мәселесінің шешімінің табылуына жастар да атсалыса бастады. Тарқатар болсақ, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жемқорлық мәселесін шешуге, бұқараның құқықтық сауатын арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтеріліп келеді. Күні бүгінге дейін Түркістан қаласы аумағында арнайы үнпарақтар таратылды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта жалғасын таппақ.