ЖАҢАТАЛАП ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

108
0

Шымкент қаласында Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабының тұрғындарымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстар бойынша кездесу ұйысдастырылды. Жиынға AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары М.Қалмұратов, Абай аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Е.Бертаев, қалалық мәслихат депутаты М.Жолдықожаев қатысып, Жолдаудағы басым бағыттарды атап берді.

Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мәселелері, саналы ұрпақ тәрбиелеу, адам капиталын дамыту мәселелері талқыға түсті. Шымкент қалалық партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Оразәліұлы еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі әртараптандырылған және жаңа технологияға негізделген экономика құру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасына және  Жолдауда айтылған 5 бағдарға жеке-жеке тоқталып өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту, жолдардың сапасын арттыру мәселелері қозғалды. «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы билік пен қоғам арасында тұрақты диалогты қалыптастыру арқылы азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасалып, олардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетінін айтып, жиынды қорытындылады.

Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласындағы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және насихаттау бойынша жиын өткен болатын. Оған оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесу барысында университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ден қойып, өз ісінің білгір маманы болудың маңыздылығына тоқталды. «Мемлекет басшысының әр Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жөнінде айтылып келеді. Жастар қандай білім алса да, қандай кәсіп бастаса да мемлекет тарапынан қолдау барын сезінуі тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жас буын жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз» – деді университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов.