ЖОЛДАУДЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ — ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ

96
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат.

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Шымкент Кашемир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен кездесу барысында Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов осылай деді. Сонымен қатар «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын еліміздегі балалардың есепшотына аудару туралы бастама – сол саясаттың жарқын көріністерінің бірі. Бұл саясат әлеуметтік әділеттіліктің орнауына және қанағатшыл орта таптың үлкен шоғыры қалыптасуына әсер етеді» деп атап өтті Қ.Қалықұлов. Кездесу барысында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев та Жолдау жайлы ойларын ортаға салып, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Айта кету керек, жуырда ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және түсіндіру бойынша «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында кездесу өткен болатын. Қаратау ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ғимаратында болған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Тұрниязұлы, Шымкент қаласының құрметті депутаты Хайрулла Сәрсенов, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай және студенттер қатысты. Күн тәртібінде талқыланатын мәселе бойынша спикерлер «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында студенттерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, зиянды нәрседен аулақ болуға шақырды. «Тәуелсіздігімізді алғанға дейін нашақор деген сөз жат ұғым еді. Зиянды затқа тәуелділік адам тағдырын құртып қана қоймай, бір отбасыны қиратуы мүмкін. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын өмір сүру деңгейін төмендетіп, өлімге алып келуде. Сондықтан, бұған тосқауыл қоймасақ, жайлап кету қаупі көп. Жастарға айтарым, зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулықтарыңды күтіп, жат қылықтан сақтанғандарың өздеріңе жақсылық әкелері сөзсіз» — деді Еркін Сатқанбаев өз сөзін жастарға арнап.