СВОИКТЫҢ САНДЫРАҒЫ НЕМЕСЕ КЕЛIМСЕКТЕРДЕН КЕЛЕР КЕСАПАТ

403
0

Қазақтың нанын жеп, суын iшiп, құдығына түкiрiп кетпеген кiм бар дейсiз?! Кезiнде Қазақстанның картасына күмәнмен қарап, бiрқатар облыстарын Ресейге телiп қойған Солженыциннiң сандырағын да, Жириновскийдiң желiкпе сөзiн де «ұрып» қойып, «жақтарың қарыссын» деген жауап қайырған едiк. Одан берi де кiм не демедi, кiм не оттамады?

Әйтеуiр, кiм көрiнген Қазақстанды бiр нұқып өтпесе, қазақтың тiлi мен дәстүрiн, тарихы мен танымын түгендемесе, лажы барынша кекетiп, мұқатпаса, iлiк iздеп қорлауға құштарлық танытпаса iшкен астары бойларына сiңбейтiндей. Тiптi, сонау мұхиттың арғы бетiндегi Борат деген бейпiлауыздың былжырағына да батыл тойтарыс бере алмай дымымыз құрыды емес пе?! «Күйеубала» деп қошамет көрсетiп, Пайғамбарымыздай сыйлаған Храпунов қазақтың момындығын, көнбiстiгiн пайдаланып, Алматының шұрайлы жерлерiн әкесiнен қалған мұрадай сатты, байыды, кекiрiк атып кергiдi. Болып-толған соң буынып-түйiнiп шетел асты. Мыңдаған қазақтың байлығын өзiмен ала кеттi.

Дәл қазақтай сенгiш, бала мiнездi халық дүниеде жоқ болар. Петр Своиктың сужұқпас екендiгiн бiле тұра, оған да имандай сенiп едiк-ау! Сенбегендер кезiнде Своиктың сыбағасын берiп, жуасытып алмақ едi, табан астында ондайлар «ұлтшыл» атанып шыға келдi. Мұндай теңеудi кiм ойлап тапса да атасына «нәлет», содан берi тiлiне, дiнiне, елiне жаны ашыған қаншама намысты қазақ ұлтшылдықтың қамытын киiп, келiмсектердiң «ермегiне» айналды. Сол Своик не дейдi? Бүй дейдi: «Егер феодалдық тiл саясатына қазiргi заман тұрғысынан қарасақ, Қазақстанда қазақтың мемлекеттiк тiлi орыс тiлi болып шыға келедi. Бұл үшiн орыс тiлiнде қалыптасқан қазақ зиялыларына рахмет айтуымыз керек. Осы тұрғыда келгенде қазақ тiлiн ерте ме, кеш пе, екiншi орыс тiлiне – ұлтаралық түсiнiстiк тiлiне айналдыруымыз керек. Ол үшiн осы саясатты мектеп қабырғасынан қалыптастырып, министрлер мен депутаттар, мемлекеттiк органдар басшыларына талап қою қажет. Сонда ғана барып қазақ тiлiнiң деңгейiн екiншi мемлекеттiк тiлге көтеруге болады». Асымызды iшiп, шарамызға т…ып отырған Своиктың бұл сәуегейлiгiне қарсы бiздiң айтарымыз: «Жағыңа жылан жұмыртқаласын, қазақтың арқасында қоң жиып, ендi оның шалажансар тiлiне шүйлiккенiң – өз құдығыңа өзiң түкiргенiң. Своик сияқты сандалғандар — ешуақытта қазаққа жаны ашымайтындар. Оларда отан да, рух та, намыс та болмайды. Күйттейтiндерi – қара бастарының қамдары».

Рас, қоғам үшiн де, қазақ үшiн де ондайлар өте қауiптi. Кейде соларды төбемiзде тайраңдатып қойған өзiмiзге де обал жоқ-ау деген ой келедi. Солженыцин, Жириновский, Храпунов, Своик – бұлардың барлығы да қазақтың қамын емес, нанын жеп, желкелерi күжiрейген соң өз қорасына өздерi шапқан түз тағылары сияқты. «Ит – үредi, керуен – көшедi» дегенiмiзбен, орманға қарап ұлитын олардан қауiп көп екендiгiн естен шығармаған жөн.

 «Уақыттың» шолушысы.