Президентті «алдаудың» кезекті үлгісі биліктің қолымен жасалды ма?

356
2

10Сіздерге бір сауалдан екінші сауал туындатып, біраз мәселелердің егжей-тегжейін білгім келіп, сұрағы мол хат жолдап отырмын. Оған себеп — «Уақыттың» 28.08.2013 жылғы нөмерінде ашық хат деп айдар тағып, ат қоймаған «Әкім мырза елдің алдында бір ақтарылайықшы!» деген бас редактордың сауалды хаты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың назарына тосын ұсыныс ретінде арналған екен. Оқыдық, тағы оқыдық, айтарларыңыздың не екендігін әбден түсіндік. Содан мұның бір жауабы болатын шығар деген үмітімізді үзбегенімізге айға жуықтады. Одан кейінгі шыққан газеттерді ары шолып, бері шолып, сол жауапты таба алмадық. Шынымен әкім жауап бермеді ме, баспасөздің басшысы ретінде сізді қабылдамады ма, әлде басқалай бір келісімге келіп, «жылы көмбені» ашқыларыңыз келмеген жағдай болды ма? Мынандай сан-сауалды мақалаға, көпшілік көз салып, құлақ түріп, басқа да БАҚ-тар елеңдеп отырған кадрлық мәселелерге байланысты бір ауыз тұшымды жауаптың анығы мен қанығының жарыққа шықпай жатқандығы қарапайым көптің бірі ретінде мені де әжептеуір ойландырып жүр.

Одан кейін осы мақаланың авторы – бас редактор Талғат Балтабаев «Отырар» телеарнасындағы берген сұхбатында берілген сұраққа байланысты осы мақала төңірегінде өзінің айтар ойын тағы бір қайталап, көрермен назарына қайыра бір ұсынды. Екі азаматтың арасында бас араздық жоқ шығар деп ойлаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы «Газет-халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» дегенді баяғы да айтып кеткен. Ол маңызы мен міндетін әлі жоя қойған жоқ. Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер, мен әуелі бір мақаланың төңірегінде сөз бастаған едім, енді тілге оралып, қаламның ұшына келген мына бір ойымды да ортаға сала кетейін. Екі жылдан бері елге тарап келе жатқан «Уақыттың» тұрақты оқырманымын. Облыс басшысының кадр саясатындағы кейбір олқы тұстарын «Уақыт» бірнеше ондаған мақалаларына арқау етті. Солардың біз көрмей қалмасақ, әй, бірде-біреуіне берілген жауапты байқай алмадық. Жазарын жазып алып, газеттің өзі сын кейіпкерінен заңға байланысты жауап талап етпей жүрмеген болса бір сәрі, өйткені басқа сындарға берілген талай-талай жауаптарды көріп жүрміз.
Көңіліміз ояу, көзіміз қарақты, сауатымыз болғаннан кейін қолға түскен басылымды ғана емес, кейбірін іздеп жүріп оқимыз. Мына «Уақыт» — сол ізделінетіндердің қатарында. Егер мен қателеспесем, облыстық құрылыс басқармасының басшыларына байланысты жобамда үш-төрт сын жарық көрді. Облыс басшысының орынбасары Болатбек Әлиев жөнінде де, аз жазылмаған секілді. Ал енді қашып кеткен А.Орманчина мен Ә.Рабаевтардың соншама уақыт жасаған заңсыз әрекеттері неліктен бақылаусыз қалып келгенін былайғы жұрт біле бермейді ғой. Қарауындағы қызметкері қылмысқа бой алдырса, оның жауапкершілігін анау Ақордада отырғандардан емес, жергілікті жердегі басшылардан сұрау заңды құбылыс емес пе? Дәл осыған келгенде ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтың мүдіріп қалатынын, түк көріп-білмегендей болатынына сыртта жүріп менде қайран қаламын. Осы жақында ғана қаланың іргесіндегі Құрсай мен Сәуле шағын аудандарындағы газ құбырын жүргізу мен оның жолындағы үйлерді бұзу жөніндегі әжептеуір дау облыс әкімінің араласуымен өз шешімін тапты. Ал Сайрам ауданындағы төрт мыңға тарта жанның жан айқайының басталғанына бірнеше ай өтті. Не  сол ауданның басшысы, не облыстың әкімі мен салалық басшылар ол жөнінде ләм-лим демейді. Жариялылық, демократия деп жатамыз ғой, бірақ солардың ауылы біздің облыстан алыс сияқты. Әйтпесе әкім болған, халқына жақын болған адам, елдің алдына күнде шықпаса да, сол шырылдап жүргендердің сөзін сөйлеген басылымның бетінде ұғынықты, шынайы шындықты жазып жауап берсе, одан ешкімнің ешнәрсесі кеміп қалмайды. Қайта бұл басшының абыройын арттырып, беделін биікке көтереді. Осыған да түсінік керек пе, мен соған түсінбеймін.
Ел еріккеннен еңіреп, етегін жасқа толтырмайды. Өзім сайрамдық болғандықтан, мыңдаған жерлестерімнің тал түсте тақырға отырып, алдауға түскені, босқа шығын болғаны әділеттің ақиқатына қол жеткізе алмағандары менің де жаныма батады. «Айтып айтпай не керек, құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» деп сонау зарлы заманда жырымен қосылып жылаған Махамбет секілді елдің бәрі айбарлы емес. Сол мұңдардың ішінде қазір қара нан мен қара суға қарап қалғандар аз емес, ал ауданның әкімі Уәлихан Қайназаров арыны әлі басылмаған көптің наразылығы жөнінде облыс басшысына не деп мәлімдеп, не айтты екен? Бағана сауалы көп нәрсе айтамын деген едім, соны айтып жатырмын. Егер біз айтарымызды басшылар орынтағында отырғанда айтпасақ, ертең қызметтен қуылып, болмаса басқа жаққа ауысқаннан кейінгі айқай-шуымыз «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегенмен бірдей.
Күні кеше Президент облысқа арнайы келіп кетті. Елдің өкілдерімен кездесті. Асқар Мырзахметов күні бойы қасында болды. Елбасы «әкімдерің жақсы жұмыс істеп жатыр, оны ешқайда алып кетпеймін, ісін жалғастырады» деп жиналғандарды бір «мәз» қылып кетті. «Жағымпаз» дегеніміз сәл артықтау бола ма, жалтаң топ қол соғып, қошемет көрсетуден арыға бара алмады. Басқасын айтпағанда солардың бәрі Сайрамдағы улыған-шулығанды жүдә жақсы біледі. Бірақ шүрқ дей алмады, патшаның мысы басты ма, әйтеуір үн шығаратын бір азамат, бір ақсақал табылмады. Әкімнің ондай оқиғаларды айта қоймайтыны белгілі ғой. Елдің өңіріндегі Жаңаөзеннің қанды оқиғасының қасіреті әлі жуылып-шайылып, зардабы мен өкініші көңілден өше қойған жоқ. Сол оқиға дәл осындай үнсіздіктен, жауырды жаба тоқудан бастау алып, арты адам жаны түршігер алапатқа ұласқан еді. Қазақ «ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» дегенді бекерге айтқан жоқ.  Осы қан төгілген жағдай жөнінде Елбасы ашына айтқан: «Мен сендерден талай сұрадым ғой, талайың келіп кеттің. Маған жеткізген мәліметтерің мүлдем басқа еді, мынаған не дейсіңдер?» дегенде талайлар көзімен жер шұқыған еді. Әйнек күнде сынбайды, күнінде сынады. Осыны басшылар білмейді емес, өкініштісі ескермейді, көптің көңіліне көз салмайды, айқайына құлақ түрмейді. Бұл-сорақылық, жауапсыздық, бұл-алдампаздық, көзбояушылық, креслосынан қорқушылық. Басқа баға айта алмай отырмын.
«Итің ұры» десе намыстанатын қазақ едік. Қазір бұл сөздің де қадірі кетті, өз намысымызды да, өзгенің намысын да табанға таптай салуды қиянат деп санамайтын болдық. Бұл адамдық қасиеттің жоғалуының қасіретті көрінісі десем, оған ешкім қарсы тұрып, мені сөге қоймас. Әйтпесе Болатбек Әлиевтың шынайы бейнесінің қандай екенін күнде қасында жүрген облыс басшысы білмеді дегенге кім илана қояды? Қауырсыны қатпаған, қызметтің дәмін татпаған, темірқанат баланы басшылықтың билігіне қанатсыз ұшырып шығарғаннан облыс басшылығы не ұтты? Өңірдің аты бұлғанды, бүкіл елге жария болған осындай жағдайлар Шымкенттіктерге деген жиіркенішті көзқарасты туындатты. Бұл кімге абырой, кімге опа әперді? Осыны Асқар ініміз бір ойланып, Талғат баламыз ұсынғандай, ішегінің қырындысын ақтарып, ақиқатын айтып берсе, атынан ауып қалмайды ғой. Көп қарияның бірі ретінде мен соған қапамын.
Қаттылау айттым, байқап отырмын. Бірақ барар жерім, басар тауым жоқ. Біз қызмет істеп, тақ болмаса да, атқа мініп, жүрген кездерде мұндай немқұрайлылық, үнсіздік, жауап бермеушілік болмайтын. Аудандағы қалқайып жүрген кішкентай басшының кереғар әрекеті баспасөзде елге жария болса, ол тексеріліп, нәтижесі аупарткомның бюросында қаралып, кінәлілер «бұйраланып» жататын. Қазір басшының қосшысын емес, өздерін сынға алып, көптің атынан сауал салғанмен нәтиже болмайтын бір сұрқай заман келді. Демократия деген сөзіміз «Дымың ішінде болсын», жариялық дегеніміз «Жұмған аузыңды ашпа» дегенге саясады. Әйтпесе көптің көкейіндегі ойды ортаға салайық деген қарғадай газетші баланың ел атынан айтқан ұсынысына, дардай басы бар облыс басшысының үнсіздік танытуы басшы этикасына, басшы жауапкершілігіне лайық емес деп есептеймін. Бірақ елдің алдында бір арылатын кездің, ашық алаңда облыс басшысының мемлекеттік құпиядан басқа, елге қатысты, басшыларға байланысты нағыз ақтарылатын кезі болатын сәтті күтемін.

Р.ЖҰБАНОВ, Сайрам ауданы.

Редакциядан: Біздің ұжым А.Мырзахметовтың өтінішімізге қандай пікір білдіретінін тағатсыздана күтіп жүргенде, сайрамдық ақсақал өзінің көкейіндегі көп ойы мен сансыз сауалын бізге жолдап, өз кезегінде біз оны оқырмандарға және облыс басшысының назарына ұсынумен шектеліп қалғымыз келмей отыр. Ешқандай артық – ауыз талапсыз өзіміз жасаған ұсынысты және бүгін жарық көріп отырған Р.Жұбановтың сансыз сауалды мақаласын Елбасының және Президент аппараты басшысының атына ол кісілердің арнайы сайттары және арнайы хат арқылы жолдауды жөн көрдік. Мүмкін сонда ғана жоғары жақтың араласуымен ел елеңдеген, біз күткен жауаптарға нүкте қойылатын бір пәрмен болар. Біздің мұндай жосықсыз емес, әрекетімізге А.Мырзахметов өкпелей қоймайды деген сенімдеміз. Қандай да бір жақсы жаңалық, ұсыныс болып жатса, онымен оқырмандарымызды хабардар ететіндігімізге сеніңіздер.