ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тиісті мекемелерге берген 265 тапсырмасы тұрақты бақылауда.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бақылауда тұрған тапсырмалардың барлығы тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде берілген. Оның ішінде 50 тапсырма қала дамуының жоспарына енгізіліп, қаржыландыруға ұсыну үшін құжаттары рәсімделуде.

265 тапсырманың бүгінде 124-і орындалды, өзге өтініштер бойынша жұмыстар басталды.

Жалпы, Түркістн қаласының  даму жоспарына сәйкес, шаһарда кәріз жүйесі құрылысының ауқымы кең. Кәріз жүйесімен қамту жұмысын 2025-жылға аяқтау көзделген. Ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген аумақтарға көше жарықтарын орнатып, асфальт төсеу жоспарлы жүзеге асуда.

«Бірлік» тұрғын алабында 35 шақырымды құрайтын 33 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілді.  М.Әуезов көшесіне, А.Жұбанов көшесіне көше жарығы орнатылды. Шілік көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, Төлебаев көшесіндегі балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы қалпына келтірілді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойына 2 аялдама орнатылды.

Жәңгірхан көшесіндегі ескірген аяқжол ағымдағы жөндеуден өтті. М.Жұбанов көшесінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Б.Смаилов, М.Ғабдуллин көшелеріне тас төселді.

Тапсырмалардың орындалуы әр аптаның қорытынды аппараттық мәжілісінде баяндалады.

Нұрбол Әбдісаттарұлы әкім аппаратының ұйымдастыру бөліміне орындалған тапсырмаларды зерделеуді арнайы тапсырған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде тапсырмалардың орындалу сапасы мен саны артты.