Айтахановтан басқалары неге айтпайды?

302
0

 01-0-427x640«Парламент — заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы». Бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы заңының 1-тарау 1-бабында анық көрсетілген.
Алайда, Парламент депутаттары ала таңнан қара кешке дейін тек заңды шұқылап отырады десек  қатты қателесеміз. Мұнда палаталардың бірлескен, кезекті және кезектен тыс дейтін отырыстары да жетіп артылады. Осындайда депутаттар қажет болса ел Үкіметінен бастап түрлі құзырлы органдарға сауал жолдап, елдің көкейіндегі проблемаларды жеткізіп жатады.

Парламенттің қос палатасында Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған бес азамат отыр. Сенатта Орынбай Рахманбердиев пен Қуаныш Айтаханов, ал Мәжілісте Шалатай Мырзахметов, Уәлихан Бишімбаев пен Ұласбек Сәдібеков бар. Бұлардың ішінде У.Бишімбаев пен Ұ.Сәдібековтен басқалары бұған дейін де Парламенттің дәмін татып қалған «тіс қаққан» депутаттар. Айтқандай, Ассамблея атынан сайланған жерлесіміз Розақұл Халмұрадов та бар Мәжілісте.
Әрине, айтпағымыз бұл емес. Былайғы жұртты депутат бірінші рет сайланды ма, төртінші рет сайланды ма, қызықтырмайды. Елге өздерінің сөзін сөйлеуге, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етуге, әсіресе, сайлаушыларының мүддесін қорғауға келгенде белсенділік танытатын депутат керек. Белсенділік демекші, біздің өңірден сайланған депуттардың арасында Айтахановтай белсендісі жоқ. Жалпы, Сенаттағы бар депутаттың арасында ол кісіден артық айтқыш жоқ. Айтқанда, ол кісі біреудің көзіне түсу не жағынып қалу, телеэкран арқылы өзіне жарнама жасап қалу үшін айтпайды. Әйтпесе, «жұрт үнсіз отыр демесін» деген ниетпен камерадан жылтыңдап көрініп қалғысы келіп тұратын депутаттар да жетіп артылады бұл Парламентте.
Айтахановқа жарнама керек емес. Ол айтса, елдің сөзін айтады, жұрттың жоғын жоқтайды. Мұнысы, әрине, артық сөз, құрғақ айқай емес. Шынайы өмірде орын алып жатқан олқылықтар, шешуін күтіп тұрған шиеленісті түйіндер. Әсіресе, ұлттық құндылық, ұлттық мүддеге келгенде аянып қалған емес. Бастысы, ол сауалдарды тек қана қазақ тілінде, ауыл қазақтарына түсінікті тілде жолдайды.
Былтыр «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң жобасының таныстырылымы кезінде  «әйелдер декретте болған кезде мемлекет оның зейнетақы қорындағы шотына ақша аударып отыру керек» деп шырылдаған осы Айтаханов еді.
Сенатта Ғани Қасымов деген айтқыш болған. Сол кісі көбіне орашолақ пікір айтып, елді дүрліктіріп жүретін. Ол былтыр әр туылған сәби үшін 2 миллион теңгеден берілу керек деп елдің құлағын елең еткізген. Бұл, әрине, келіншектерге майдай жақты. Сол кезде мәселеге байыппен қараған Қуаныш Айтаханов бала тапқан аналарға ең төменгi жалақы мөлшерiнде айлық төлеуді ұсынды. Басты фактор адам болғандықтан, адамнан ешнәрсенi аямаған дұрыс деп қарайтын сенатор «Ол түнiмен ұйықтамайды. Баласын емiзедi, тамақтандырып, кiр-қоңын жуады. Бiрақ, ол мемлекеттiң бiр азаматын өсiрiп отыр ғой. Демографияға үлес қосып отыр» деп еді. Ол Ғани Қасымов секілді жөргекпұлды 2 миллионға емес, 100-150 мың теңгеге өсіру туралы ойын айтқан.
Ұлттық құндылық демекші, қайбір жылдары Отырар кітапханасын іздеу керек, оған қаржы керек деп Үкіметке сұрау салған – Қуаныш ағамыз еді.
Оңтүстік Қазақстан облысында қанша ауылда мектеп жоқ, қанша мектеп үш ауысымда бала оқытып жүр, қанша бала балабақша кезегінде тұр деген нәрсенің бәрін Айтаханов жеткізді Үкіметке.
Оңтүстік жақтағы өткір мәселелердің бірі – ауыз су. Алайда, ақша бөлініп, құбыр тартылғанмен көптеген елді мекендерде елдің ерніне су тимей қойып еді. Сөйтсек, бұған жер асты су көздерінен су шықпай қалуы себеп болған екен. Бұл өңірде жер асты су қорын анықтау, геологиялық-барлау жұмыстары осыдан 30-40 жыл бұрын жүргізілген екен. Ал, жер асты су қорлары әр 25 жыл сайын қайта барланып, бекітілуі тиіс екен. Сенатор Айтаханов «республикалық бюджеттен геологиялық-барлау жұмыстарына жыл сайын тиісті қаржы бөлінуі тиіс» деп бір-ақ қайырған. Елдің көкейіндегісін айтқан соң ғой елдің Айтахановты жақсы көретіні, проблемасын соған айтатыны.
Бесінші шақырылым депутаттарының Парламент төріне жайғасқанына, міне, екі жылға жуықтады. Біздің жақтан сайланған депутаттардың ішінде Айтахановтан басқасының сайлаушыларының мүддесін қорғап, бірдеңе дегенін көре қойған жоқпыз. Былтыр, әйтеуір,  Шалатай Мырзахметовтің  Үкімет сағаттарының бірінде Дін істері агенттігінің басшысы Лама Шарифке «депутат мырзалар» демедің деп ескерту жасағанынан басқасы есте қалмапты.
Сөзіміз дәлелді болу үшін, жерлестеріміздің биылғы каникулдан кейінгі екі айына талдау жасап көрелік. Мәселен, бұл аралықта Ұласбек Сәдібеков Үкімет басшысына әлеуметтік серіктестік стандарттары мен әлеуметтік лифтті дамыту жайлы бір сауал жолдаса,   У.Бишімбаев металл сынықтарына қатысты, ал, сенатор О.Рахманбердиев автокөліктерге техникалық талаптарды қатаңдату жайлы мәселе қозғады. Бұл арада Айтаханов мырза Премьерге алты рет сауал жолдапты.
Арыс қаласы мен соған жақын жатқан елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыстың 3-кезеңі, Отырар ауданы орталығының су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстардың ІІ-кезеңі, Кентау қаласының су құбырлары жүйесін қайта құрудың ІІ-ші кезеңі, Төлеби ауданы Леңгір қаласы, Сарыағаш ауданы Абай ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету және Түркістан қаласына дейін су өткізгіш ғимараты түйінінен су аққының құрылысы, «Арыс – Түркістан» магистралды каналын қайта құрудың ІІІ-кезеңін аяқтау үшін қаржы сұрап, сауал жолдап отырған — жалғыз осы Айтаханов.
Әрине, мұны Қуаныш мырза Сенаттың табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі болғандықтан айтты десек, оның басқа мәселелерде де шет қалғанын көрген емеспіз.
Мәселен, ол қыркүйек айында Республика мектептерінде мемлекеттік тілді оқытуды жақсарту жолдары туралы мәселе қозғады. Суға, табиғатқа еш қатысы жоқ. Онда ол кісі   еліміздің кейбір өңірлерінде қазақ тілінде оқитын мектептердің жоқтығынан 161 қазақ баласының өзбек тілінде, 101 қазақ баласының ұйғыр тілінде оқуға мәжбүр болып жүргенін айта келе, «Өз елінде тұрып, өзінің ана тілінде оқуға мүмкіншілігінің болмауын қалай түсінуге болады?» деп сұрақты төтесінен қойды.
Осы сауалында ол балалар тәрбиеленетін балалар үйлерінде тәрбиешілердің көпшілігі орыс тілді азаматтар болғандықтан және оқу процесі орыс тілінде жүргізілгендіктен балалардың көпшілігі мемлекеттік тілді білмейтінін, орыс тілді мектептерде қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздар жетіспейтінін, олардың сапасы төмендігін, бұл аздай Білім және ғылым министрлігінің биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілді емес мекептердегі қазақ тілінің апталық оқу жүктемелерін қысқартып тастағанын да ашына жеткізді.
«Өзге тілді мектептерде мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығудың ең пәрменді тетігі, бірден-бір жолы қазақ тілінен тест тапсыру қорытындысын жоғары оқу орындарына түсу кезінде міндетті түрде есепке алу екенін» атап айтты сол кезде. «Үкіметтен бастап, билік тізгінін ұстап отырған басшылар, мемлекеттік қызметшілер міндетті  түрде мемлекеттік тілді білуі керек деген қағида басшылыққа алынбайды… Азаматтар Қазақстандағы қазақ тілінің болашағына сеніңкіремейді» деді тағы да. Ашынып айтты, ащы айтты.
Ендеше, Мәжілісте де, Сенатта да  елдің жоғын айтқысы келген адамның аузын буып тастайтын ешкім жоқ. Осындайда қазақтың жоғын жоқтап, қазақ тілінің жайын қозғап жүрген Розақұл Халмұрадовқа қалай риза болмасқа?!. Әйтеуір, Айтахановтан басқалары ештеңе демейді. Неге үндемейді, түсінбейміз…

Гүлжамал МҰСАЕВА