ШЫМКЕНТТЕ 48 АЗАМАТ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА ИЕ БОЛДЫ

100
0
Шымкенттік 48 азаматқа құны 1млн.теңге тұратын тұрғын үй сертификаты табысталады, деп хабарлайды Uakit.kz.
Елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бүгін таңда мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқандардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Биыл Шымкентте қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаға қала бюджетінен 500 млн. теңге бөлінген болатын. Яғни тұрғын үй сертификатын 500 шымкенттікке беру жоспарланып отыр.
Осы орайда Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаты бойынша 48 азаматтың өтінімі мақұлданды. Қайтарымсыз қаржы белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана беріледі. Ол санатқа кіретіндер мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар және мемлекеттік қызметкерлер.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы », «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар сондай ақ Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Айта кету керек, биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.