АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІНЕН БӘЙДІБЕК БИ ДАҢҒЫЛЫНА ӨТЕТІН ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАРАШАНЫҢ 1 КҮНІ САҒАТ 15:00 ДЕ АШЫЛАДЫ

100
0

Шымкентте кептеліс мәселесін шешу мақсатында қыруар іс қолға алынған. Бүгінде қала аумағындағы көшелерді кеңейту ісі қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, ірі көшелердің қиылысында жолайрықтар салынуда. Мәселен, Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесіндегі жолайрық кептеліс мәселесінің біршама шешілуіне мұрындық болыған еді. Енді міне Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғылындағы құрылыс та жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда.

Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында аяқталуы 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған жолайрық құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында, Бәйдібек би даңғылымен солтүстіктен оңтүстік бағытта қозғалатын көліктерге Арғынбеков көшесіне батыс бағытта оң жақ бұрылу жолы ашылады. Және Арғынбеков көшесімен шығыстан батыс бағытқа қозғалатын көліктерге Бәйдібек би даңғылына солтүстік бағытта оң жақ бұрылыс жолы ашылады. Сонымен қатар, сол күні Бәйдібек би даңғылы екі бағытта толығымен жабылатын болады. Аталған көшеге балама жол ретінде Жүсіпов көшесі қарастырылған. Жолайрықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, “Бәйдібек би” даңғылында 700 м., “Арғынбеков” көшесінде 921 м. көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта “Арғынбеков” көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал “Бәйдібек би”даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың “Бәйдібек би” даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Кейіннен тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында “Бәйдібек би” даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылған болатын.