АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ІЗГІ ЖАН

86
0

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұжымы зейнеттегі әріптес Ержанов Жұмабек Анашұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасына және туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.

Жұмабек Анашұлы санитариялық-эпидемиологиялық қызметке, өңір халқының салауаттылығы саласына еңбегі сіңген құрметті азамат болатын.
1986 жылы Ленинград медициналық институтын «дәрігер гигиенист-эпидемиолог» мамандығымен бітіріп, еңбек жолын сол кездегі Оренбург қаласының Ленин аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог болып бастаған Жұмабек Анашұлы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, бертінде құрылған Түркістан облысының, сонымен қатар Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметінде зейнетке дейін еңбек етіп, аталған өңірлердің халқының денсаулығын қорғау жолында зор үлес қосқан білікті маман болды. Қызмет еткен жылдарының көп бөлігінде басшылық лауазымда болып, Түлкібас, Кентау аудандарының санитариялық-эпидемиологиялық саласын басқарған.

2020 жылы Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшы орынбасары лауазымына , кейіннен Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасарлығына тағайындалып, өзінен кейінгі жас буын мамандарға біліктілігімен, білімділігімен үлгі болды. Осы лауазымнан құрметті зейнет демалысына шыққан болатын.

Қызмет барысында «Кентау қаласына 60 жыл» мерекелік медалімен (2015ж.), ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен (2020ж.) марапатталған.

Жұмабек Анашұлы жайлы қай кезде де бірге жұмыс жасаған әріптестері жақсы пікір айтатын, мінезі жайлы, ортаға сыйлы, қадірлі азамат еді.

Кеше ғана ортамызда жүрген әріптесіміздің бейнеттің зейнетін көретін сәті келгенде, арамыздан көп ұзамай о дүниелік болғаны қабырғаны қайыстырды.

Жұмекеңнің жарқын бейнесін еске ала отырып, жатқан жері жайлы, иманы өзіне серік болсын дейміз.

Марқұмды Алла өз мейіріміне алсын!

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы