РАХЫМ АЙЫ- РАМАЗАН МҮБӘРАК БОЛСЫН!
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.
Құрметті мұсылман бауырлар!
Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы — қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы — Рамазан.
Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық негіз бар.
Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Рамазан айынның фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның хадистері бар.
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.
Рамазан — айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.
Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.
Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Алла тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды» деген.
«Ораза» сөзінің мағынасы
Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.
«Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.
Оразаның негізгі шарттары:
а) Әуелі рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Аллаһ тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.
ә) Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.
Рамазан айының айырықша белгілері:
а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;
ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;
б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.
Оразаның пайдасы:
в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Аллаһ тағаланы таниды;
г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;
д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;
е) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;
ж) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.
Оразаны не бұзбайды?
— Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
— Ұйқыдан жүніп болып ояну;
— Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
— Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;
— Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
— Аузына келген қақырықты жұту;
— Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
— Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
— Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
— Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
— Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
— Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
— Көзге, құлаққа дәрі тамызу;
— Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
— Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
— Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
— Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Аллаһ оның тамақтандырған болады» делінген.
Оразаны не бұзады?
— Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
— Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
— Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
— Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
— Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет.
(Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).
Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?
— Жолаушылық;
(сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
— Жүктілік пен бала емізу;
(егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
— Ауру-сырқау;
(сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
— Кәрілік;
(қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).
Әйел кісілерге байланысты тәртіптер:
а) Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен соң өтеп береді.
ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.
Қадір түнінің қасиеті.
Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны Қадыр түні.
Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».
Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадыр кеші рамазан айының 26-нан 27 қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.
Тарауих намазы
Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей сүннет мүәккада саналады. Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады, екі рәкаттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Аллаһ тағала кері қайтармайды. Ата-ананың перзенті үшін жасаған дұғасы. Ораза ұстаған адамның және жолаушының тілегі», – дейді.
Құран оқығанның сауабы
Аллаһ тағала айтқан: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адам адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.
Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы
Хадисте: «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді» делінген. Бұл айда әр адам өзінің қал жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.
Ауызашар және сәресін ішу мәселесі
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және «Аллаһ тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар» деген.
Оразашының екі қуанышы бар
Оразашының екі қуанышы бар, бірі кешкіін ауыз ашарда, екіншісі Жаратқан Аллаһ тағаланың алдында тұрған сәтте. Аллаһ тағала айтады: «Адамзат не істесе де өзінікі, бірақ оразадан басқасы, ораза менікі. Мен оның есесін өзім беремін. Ол Мен үшін ішіп-жеуін, нәпсісін тыйды ғой» деген. Аллаһ тағала қиямет күні оразашыны жәннаттың арнаулы қақпасына кіруге шақырады. Хадисте: «Жәннатта сегіз есік бар. Оның бiр есiгінің аты – Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», – дегенде, олар есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», – деген.
Қадірлі ағайын! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!
2017 жылдың 27 мамыр – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!
Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамы.