ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ӨРТТІҢ ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ ҚАНДАЙ?

103
0

Түркістан қаласында екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бар. Ол жерге жыл басынан бері өрт бойынша 300-ден аса шақырулар түскен. Оның ішінде 36 өрт оқиғасы туралы хабарлама тұрғын үйлерде болып жатқаны айтылған. Тұрғын үйдегі өрттің шығу себебі электр желілерінің қысқа тұйықталуынан, газ жүйелерінің жүргізу кезіндегі монтаждық жұмыстардың ақауынан, балалардың қараусыз қалып, сіріңкімен ойнауы жағдайынан болған.

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов Turkistan телеарнасының «Жаңа толқын» бағдарласына берген сұхбатында осылай деді,-деп хабарлайды uakit kz.

Өз кезегінде басқарма басшысы өрт  жағдайларын алдын алу үшін басқарма қызметкерлері күнделікті рейдтік іс шаралар жүргізіп жатқанын айтты. сонымен қатар ол «Қала әкімінің өкімімен құрылған алты сектор меңгерушілері, «Газ инспекциясы», «ҚазТрансГаз» қызмткерлерімен бірге бірлескен іс-шара жоспары құрылған. Жоспарға сәйкес қала аумағындағы 6 сектордағы 40 мыңға жуық тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы мақсат – тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру, өртті алдын алу болып табылады. Аралау кезінде басқарма қызметкерлері мен тиісті мамандар тұрғындардың аулаларына кіріп, бақылау тексеру жүргізеді. Заңбұзушылық анықталған жағдайда тұрғын үй иесіне өрт қауіпсіздігін алдын алу, жою бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді»-деді.

Одан өзге ол «Аралау кезінде жағдайы төмен 400-ден аса тұрғын үй анықталғды. Ол тұрғын үйлерде өрттің шығуын алдын алу бойынша үгіт- насихат жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар қала әкіміне әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға газ қондырғыларының жанына орнатылатын улы газды анықтайтын дабылқаққышты орнату бойынша ұсыныс жолдадық. Бұл ұсынысты қала әкімі қолдады»,-деп атап өтті.

Бағдарламада басқарма басшысы пеш жағып отырған үйлерге қатысты мынадай мәлімдеме келтірді.

«Газ жүйесі жүргізілмеген тұрғын үйлер пеш жағып отыр. Біздің басқарма қызметкерлері пеш жағатын үйлерді аралау кезінде пешті пайдалануда жіберіліп жатқан ақауларды анықтап, оларды жою бойынша түсіндіру жүргізіп жатыр. Соның бірі пеш алдына темір қаңылтыр қағу. Қаңылтыр пеш аузынан түскен шоқтың еденге тиіп, өрттің шығуын алдын алады»,-деді.

Басқарма басшысы тұрғын  үйлерде өртті алдын алу үшін газ қондырғыларын арнайы мамандардың қатысуымен  («ҚазТрансГаз», «Газ инспекциясы») қосуды ескертті. Және газды өздігімен қосу жұмыстары жүргізілмеуі керектігіні баса айтты.