КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДЕ ҚАТТЫ ОТЫН ЖАҒУҒА БОЛМАЙДЫ

Түркістан қаласында жылыту маусымы басталып кетті. Осыған байланысты Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қалалық полиция басқармасы, қалалық тұрғын үй инспекциясы, «ҚазТрансГазАймақ», қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі, «Газ инспекциясы» өкілдерімен және өрт сөндірушілермен бірге тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің, улы газбен уланудың алдын алу шараларын сақтау мақсатында тұрғындарға жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарманың аға инженері Мейрамхан Базарбек  қалада әлеуметтік жағдайы төмен 482 отбасына өрт қауіпсіздігі туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге үлкен ден қойылғанын алға тартады.

Оның ішінде 405 отбасына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ал қалған 77 үйде тұрғындары болмаған.  Келер жылы Түркістан қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы ұсынған                                   әлеуметтік жағдайы төмен 482 отбасының 129-ның үйіне улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнату жоспарланған.

Осындай деректерді келтірген М. Базарбек  күшейтілген түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қаладағы 39946  тұрғын үйді (оның ішінде 7534 көп қабатты тұрғын үй)   қамтитынын айтты.

Ағымдағы жылдың 2 қарашасындағы жағдай бойынша     2477  жеке тұрғын үй секторлары (оның ішінде 675 көп қабатты тұрғын үй)        араланған. Түсіндіру жұмыстарымен қамтылған адамдар саны     10580-ді құрайды.  Үгіт-насихат кезінде тұрғындарға 2500 дана арнайы дайындалған жадынама таратылды.    Аралау жұмыстары қыркүйек айынан басталған. Бұл бағыттағы жұмыс 26-сәуірге дейін жалғасады. Көрсетілген мерзімге дейін басқарма қызметкерлері арнайы мамандармен бірге межеленген 39946  тұрғын үйдің 80 пайызына өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қамтуы тиіс.

«Аралау кезінде көптеген кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда,  көпқабатты тұрғын үйде тұратын пәтер тұрғындары пропан газ баллонын қолданып келген.  Өз кезегінде біз бұл тиісті талаптарға қайшы екенін айтып түсіндірдік.

Тағы бір көпқабатты үйде бірнеше отбасы қатты отын пайдаланып отырғаны анықталды.  Жылыту жүйесі кіргізілмеген үйде («Сауран» тұрғын алабына қарасты Рысқұлов көшесінде орналасқан №11 үй)  11 пәтер қатты отын, 2 пәтер табиғи газ тұтынып отыр. Келесі бір тұрғын үйде улы газ бар екені белгілі болды. Сонымен қатар мұржалары дұрыс орнатылмаған үйлер де кездесті. Анықталған ақаулықтар бойынша басқарма қызметкерлері мен арнайы мамандар тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпті алдын алды»,-деп атап өтті М. Базарбек.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-қаңтар-26 наурыз аралығында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 25847 тұрғын үй араланған.