БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала тұрғындары үшін кезекті жеке қабылдау өтті. Қабылдауды Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева жүргізді. Шараның басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық сипаттағы өзекті мәселелерін шешуге қолдау көрсету, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру болды.

Қабылдауға келген азаматтар негізінен әлеуметтік көмек пен жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар тұрғындар инватакси қызметін пайдалану, санаторийге жолдама алу, тұрғын үй және отбасылық жағдайларға қатысты сұрақтар қойды. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, нақты түсіндірмелер мен шешу жолдары ұсынылды. Жанат Утебаева қабылдау барысында барлық өтінішті мұқият тыңдап, әрбір жағдай бойынша нақты жауаптар берді. Азаматтарға әлеуметтік қолдауға байланысты мемлекет ұсынатын мүмкіндіктер түсіндіріліп, тиісті қызмет түрлеріне жүгіну тәртібі туралы толық ақпарат берілді. Мысалы, көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем алу жолдары мен қажетті құжаттар тізімі түсіндірілді. Сонымен қатар зейнеткерлерге берілетін әлеуметтік көмек түрлері мен оның рәсімдеу тәртібі егжей-тегжейлі баяндалды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштеріне де ерекше назар аударылды. Инватакси қызметін пайдалану мәселесі бойынша тиісті бөлімдермен байланыс орнатылып, кейбір тұрғындарға қажетті көмек сол сәтте-ақ көрсетілді. Сонымен бірге гигиеналық құралдармен қамту мәселесі де шешімін тапты. Қабылдау кезінде санаторийлік ем алу мен жұмыспен қамту бағытындағы сұрақтар жиі көтерілді. Бұл ретте мамандар азаматтарға заң талаптарына сай түсіндірме жүргізіп, тиісті тізімге енгізу және кезекке қою мәселелерін бақылауға алды. Бірқатар өтініштер бойынша жауапты мемлекеттік органдармен байланыс орнатылып, бақылауға алу жөнінде тапсырмалар берілді. Жанат Утебаева тұрғындарға көрсетілген қолдау тек бір реттік шара емес, жүйелі әлеуметтік саясаттың бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңы азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, олардың мәселелерін жедел шешуге бағытталған тиімді құрал болып отыр.

Қабылдау соңында басқарма басшысы партия тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын, әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол тұрғындарды өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық білуге және белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары бүгінде халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып отыр. Мұндай кездесулер арқылы көптеген әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің шешімі табылып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосылуда. Партия алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, әрбір тұрғынның мәселесін назарда ұстауға ниетті.