ӘКІМДІК ЕСКЕРТЕДІ, НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ…

100
0

Пәтер сатып аларда, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәміле – алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты жарамсыз болып саналады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Шымкент қаласының әкімдігі өз қаражатыңызға сақ болуды сұрайды. Рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алуды кеңес етпейді. «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген. Үлескерлердің ақшасын қабылдауға берілген рұқсаттар туралы ақпарат «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ сайтында орналасқан. Жалпы биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.