ШЫМКЕНТ: ҰСТАЗДАР БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІН СЕМИНАРДА ТАЛҚЫЛАДЫ

120
0

Шымкентте «TIMSS-2023 халықаралық зерттеулері бойынша оқушылардың жаратылыстану- математикалық сауаттылық дағдыларын қалыптастыру» атты семинар өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты  «Әдістемелік орталығының» ұйытқысымен «TIMSS-2023 Халықаралық зерттеулері бойынша оқушылардың жаратылыстану — математикалық сауаттылық дағдыларын қалыптастыру» тақырыбында мектеп үйлестірушілеріне арналған тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.
Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия базасында өткен аталған семинарға  білім басқармасына қарасты барлық білім беру ұйымдарының мектеп үйлестірушілері мен физика пән мұғалімдері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты әр түрлі елдердегі 4 және 8 сынып оқушыларының жаратылыстану — математикалық бағытындағы пәндерден білім сапасын салыстырмалы бағалайтын халықаралық зерттеулерге дайындық жұмыстарын жоспарлау, терең ойластыру мен құрастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар беру.
«Жаратылыстану — математикалық пәндер» бөлімінің әдіскері Мадина Салибекованың ұйымдастыруымен өткен семинар барысында «TIMSS Халықаралық зерттеулері» тұрақты төрт жылда қайталанып отыратындығы, білім алушылардың оқу барысында әлемдік білім беру кеңістігімен бірігуі, оқушыны жаратылыстану- математикалық сауаттылығының қалыптасу құзыреттілігіне жетелеу, алған білімдері мен тәжірибелерін күнделікті өмірде қолдана білуге бағыт-бағдар берілетіні жайлы айтылды. Семинар соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, білім сапасын арттырудағы ұсыныстарын жеткізіп, пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, соңғы уақытта Шымкент қаласында білім саласына айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Қала мұғалімдерінің біліктілігін артырудағы бастамалар жүзеге асып, бүгінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, нәтижелі жұмыстары жүргізілуде.