ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ САЛУҒА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛЫП ОТЫР

115
0

Жаңбыр мен қар суының әлеуметті әбігерге салатыны белгілі. Сондықтан жаз айларында ирригациялық жүйелерді тазалау мен жаңбырлы маусымға даярлау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Мәселен, биылғы жылы жазда жоғарыда аталған бағытта қыруа іс тынды. Қала аумағындағы каналдар мен өзендердің арнасы тазартылды. Бұдан бөлек, жаңбыр жауған уақытта да қала аумағында ондаған техника мен жүздеген маман жұмылдырылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Үшінші мегаполиске қарасты Абай ауданында су басудың алдын алу бағытында ауқымды істер атқарылған. Тарқата жазайық.

Аудан аумағында су басу және көлдеу қауіпі бар 21 мекенжай анықталып, 2022 жылы ирригациялық жүйелер салу жоспарланды. Олардың жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда, 21 орынға мердігер мекеме анықталуда. Ал Еңбекші ауданында биыл 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнату жоспарланған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына өкілдеріне берген баспасөз брифингінде мәлімдеді. Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында, 2021 жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды. Ағымдағы жылы жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су алу орын алды. Су алған мекенжайлар бойынша  бірінші кезекте 7,3 шақырымды құрайтын 21 мекен-жайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланып, бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Профиленд» ЖШС-і 15 мекен-жайда 6,1 шақырым ирригациялық арықтарды орнатты. Ал қалған 1,2 шақырым құрайтын ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары толығымен қараша айында аяқталады. 2023 жылға арналған жоспарға сәйкес 11 мекен-жай бойынша 7,2 шақырым ирригация орнатуға сметалық есептер әзірленуде.