№10 КОЛЛЕДЖДІҢ ЖАҢА КОРПУСЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

241
0

Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысанның құрылысы барысын тексеріп, сапаға мән берді.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды. Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп 1985 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім мекемесінің едендері көнеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен. Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Жалпы мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Сондықтан үшінші мегаполисте өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Яғни мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізуден бөлек, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған жаңа білім ордаларын пайдалануға беру ісі де айрықша назарға алынып отыр.