ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ӨРТ ДЕПОСЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан қаласында мамандандырылған екі өрт сөндіру  (№1 МӨСБ және №39 МӨСБ) бөлімі бар. Аталған бөлімдерде өрт сөндіру автокөліктері мен жеке құрам толығымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі  тарапынан Кентау-Түркістан бағытында тағы бір өрт сөндіру депосы салынуда. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Облыс орталығы үшін үш өрт сөндіру депосының болуы жеткілікті болады.

Бұл туралы Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Асқар Сейсенов Ontustik телеарнасына берген сұхбаты кезінде мәлімдеді.

Өз кезегінде ол қаладағы екі өрт сөндіру бөлімінде қажетті техникалар атап айтқанда, негізгі, арнайы және көмекші техникалардың бәрі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сонымен қатар техникалардың бәрі заман талабына сай жарақтандырылғанын айтты. Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдері қажетті техникалармен қатар, жеке құраммен толығымен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында түркістандық құтқарушыларға 345 хабарлама түскен. Оның ішінде 41 хабарлама өрт оқиғасы болып тіркелген.