ТЕГІСШІЛ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ ЖӘНЕ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында ауылдарды әлеуметтік тұрғыда дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның жарқын көрінісі ретінде Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округі, Мәдениет елді мекенінде пайдалануға берілген жаңа ашық спорт және балалар ойын алаңшасын атауға болады.
Бұл нысан – 2024 жылы өткен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының нақты нәтижесі. Байқау қорытындысы бойынша екінші орынға ие болған Тегісшіл ауылына әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған жоба негізінде спорттық және ойын кешені салынды. Жаңа алаңша – ауыл өміріне серпін беретін, балалар мен жастарға салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік ашатын маңызды нысан. Жаңа кешеннің ашылуына арнайы қатысқан Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, бұл нысанның маңызын ерекше атап өтті. «Тәуелсіз Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – жас ұрпақтың қолында. Бұл – жай ғана ойын немесе спорт алаңы емес, бұл – ауылдың келешегіне салынған әлеуметтік инвестиция. Денсаулығы мықты ұрпақ – ел болашағының кепілі», – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде. Ауыл тұрғындары алғыстарын білдіріп, балалар алғашқы ойындарын жаңа алаңшада қуанышпен өткізіп үлгерді.
Жаңа кешен тек эстетикалық немесе спорттық нысан емес. Ол – ауылдың қоғамдық өмірін жандандырушы әлеуметтік платформа. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, заманауи қауіпсіздік талаптарына толық сай жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нысанның әлеуметке пайдасы — балаларға қауіпсіз және жайлы ойын алаңы, жастарға салауатты өмір салтын ұстану мүмкіндігі, ата-аналар мен тұрғындар үшін демалыс орны, қоғамдық байланыстарды нығайтатын орта, ауылдағы бос уақытты тиімді өткізудің заманауи үлгісі. Осының барлығы – ауылдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы – елдімекендердің экологиялық, санитарлық және әлеуметтік тұрғыдан жаңғыруына бағытталған. Бұл бастама аясында Түркістан облысында облыс әкімінің қолдауымен «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты — ауылдың санитарлық, инфрақұрылымдық және мәдени келбетін жақсарту, жергілікті халықты өз ауылын дамытуға тарту, үздік ауылдарға әлеуметтік нысандар салып беру арқылы ынталандыру. Жеңімпаз және жүлдегер ауылдарға облыстық бюджет есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, ауыл халқының өмір сапасын арттыруға нақты үлес қосылып жатыр.
Тегісшіл ауылындағы жаңа ашық спорт және ойын алаңы – бұл әкімдік пен қоғамның, мемлекеттік саясат пен жергілікті белсенділіктің тоғысқан нүктесі. Балалардың күлкісі мен спортқа деген қызығушылығы – әлеуметтік жобаның басты нәтижесі. Мұндай жобалар Түркістан облысындағы әрбір ауылға салауатты өмір салтын ұстануға, қоғамдық өмірді жандандыруға және жергілікті қоғамдастықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Бұл – жай ғана құрылыс емес, ұлт болашағына бағытталған стратегиялық инвестиция.