ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕП ЖҮРУ АПАТТЫ АЛДЫН АЛАДЫ
Дамыған ақпараттық технологияның игілігін дұрыс пайдалана білуіміз керек. Осы бағытта жүргізушілер үшін де мол мүмкіндіктер беріліп, жолда жүру кезінде көп жәрдем беретін түрлі көмекші қосымшалар пайда болғаны белгілі. Бірақ көп жүргізушілер қолайсыз ауа райына байланысты жабылған жолдарды хабардар ететін «Дармен» мобильді қосымшасын пайдалануды әрдайым қаперіне ала бермейді.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарына қандай да бір сапарға шықпас алдын «Дармен» мобильді қосымшасына орналастырылған хабарламаларға көз жүгіртіп шығуды ескертеді.
Аталған қосымшада ел аумағы бойынша жабық жолдар туралы барлық ақпарат орналастырылады.
Сонымен қатар басқарма қызметкерлері жүргізушілердің ауа-райының нашарлауы, жылдамдық режимі туралы SMS-хабарламаларды назарда ұстауы маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін де Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин халыққа «ДАРМЕН» мобильді қосымшасын белсенді пайдалану қажеттігі туралы үндеу жолдаған. Сондай-ақ ол, жүргізушілерді автожолдарда сақтық шараларын сақтауға шақырған.
Ведомства басшысы осы аптада Түркістан облысына жасаған сапары кезінде де қыс мезгілінде автожолдарда адам өлімінің алдын алу үшін халықты СМС-хабарламалар арқылы ертерек хабардар ету жүргізілетінін, сондай-ақ автожолдардың жабылуы туралы барлық ақпаратты «ДАРМЕН» мобильді қосымшасынан табуға болатынын тілге тиек еткен.