ЖОЛ САПАСЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНАДЫ
Көлігі бар көпті жолдың қамы, кептелістің жайы қызықтыратыны белгілі. Кейінгісін шешуде Шымкент қаласында бірқатар бастамалар қолға алынып жатыр. Ал алғашқысына келсек, былтыр қала орталығындағы көшелерді жөндеуге басымдық берілгені оқырман қауымның жадында деп ойлаймыз. Ал биыл қалалық әкімдік ішкі орамдық көшелерді жөндеуге басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, 122 шақырымға шағал тас төсеу де жоспарда бар.
Жалпы үшінші мегаполистегі қанағаттанарлық жолдардың үлесі алдағы бірнеше жылда 80 пайызға артпақ. Нақтырағы, бұл бастама 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарына енген. Осының негізінде 563 жоба қарастырылып отыр. Кешенді жоспар аясында биыл қалада 348 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымынан астамы пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады деп күтілуде. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-інде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі – жаңа, алтауы – өткен жылдан өтпелі құрылыстар. Айта кету керек, бұдан біраз уақыт бұрын шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақ тұрғын алабына барып, атқарылған жұмыстармен танысқан болатын. 60 750-ге жуық тұрғыны бар Қайнарбұлақта қазір 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары тартылуда. Әзірге 50 шақырымы біткен. Табиғи газбен қамту жұмыстары екі секторға бөліп жүргізілуде. Жаңақұрылыс тұрғын алабында ұзындығы 233,4 шқ болатын газ жүйелері тартылуда. Саяжай алабында газ жүйелерінің ұзындығы — 206,7 шақырым. Екі сектордағы құрылыс жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар электр жүйесімен қамтудағы жұмыстар 2023 жылдың ІІІ-тоқсанында аяқталмақ. Жалпы электр жүйелерінің ұзындығы 68,6 шқ. құраса, осы кезге дейін жұмыстың 40%-ы орындалды. 2020 жылы Центральная көшесі, 2022 жылы Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылдыАл 2023 жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская, Құрасбеков, Шанин, Жаңақұрылыс көшелері жарықтандырылатын болады. Нысандарды тексеріп шыққан қала басшысы мердігерлер мен тиісті сала басшыларына жұмыстардың мерзімдік және сапалық міндеттемелерге мұқият болуды тапсырды.