ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР БОУЛИНГТЕН САЙЫСТЫ

101
0

Шымкентте «Special Olympics Kazakhstan» жоба аясында боулингтен турнир өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.

Екі күнге созылған республикалық турнирге Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан келген жасөспірімдер қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысып, жасөспірімдерге сәттілік тіледі.
«Оқу-ағарту министрлігінің тікелей басшылығымен барлық білім ұясында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ал, бүгінгі сайыста ерекше балалар ойын көрсетеді. Олардың мұндай сайысқа қатысқанының өзі ерлік. Оқушыларды тыңғылықты дайындаған ұстаздардың еңбегі көңіл қуантады. Барлық жас спортшылар биік тұғырдан көрінуге лайық», — деді Жанат Тәжиева.
Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында боулингтен республикалық турнирге Шымкент қаласы әкімдігі, Шымкент қаласының білім басқармасы, «GALAXY BOWLING» ойын-сауық орталығы, «Визит»ЖАҚ, «Sity» қонақ үйі қолдау білдірді.
«Боулинг сайысы балаларға қай жағынан алып қарасақ та, өз көмегін тиігізері анық. Жарысқа келген балалар арнайы әлеуметтік қызмет орталығынан болғандықтан, сыртқа көп шықпайды. Сондықтан олар осындай жарыстар арқылы бір сергіп, өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезінеді»,- деді Шығыс Қазақстан облысынан келген Ерік Асанұлы.
Арнайы Олимпиаданың миссиясы – зияткерлік дамуында ауытқулары бар балалар үшін әртүрлі олимпиадалық спорт түрлері бойынша жыл бойы жаттығулар мен жарыстарды ұйымдастыру. Сондай-ақ, қатысушылардың спорттық жетістіктері арқылы өзіне деген сенімділік пен өзін-өзі қорғауды дамыту. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетеді, жұмыс мүмкіндіктерін ашады және нәтижесінде қоғамға көбірек қатысуды қамтамасыз етеді.