ШЫМКЕНТТЕ БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Республика күні – ел бірлігі мен татулықтың, сондай-ақ шығармашылық пен рухтың мерекесі. Биыл бұл күн Шымкент қаласында ерекше көңіл-күймен атап өтілді. Үшінші мегаполисте қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени, спорттық және рухани бағыттағы ауқымды шаралар ұйымдастырылып, мерекелік демалыс ұмытылмас әсерге толы болды.

Мерекенің басты сәні ретінде өткен «Батпырауықтар фестивалі» Шымкент аспанын түрлі түстерге бояп, отбасылық демалыстың жаңа дәстүрін қалыптастырды. Қала әкімдігі ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – тұрғындарды ашық аспан астындағы белсенді демалысқа тарту, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Қаланың орталық саябақтарында өткен фестивальге жүздеген отбасы қатысып, түрлі пішіндегі, алуан түсті батпырауықтар аспанмен тілдесті. Балалар мен ата-аналар бірге батпырауық ұшырып, көңілді сәттерге куә болды. Әсіресе бүлдіршіндердің шат күлкісі мен ата-аналардың қуанышты жүздері мерекенің рухын айқындай түсті. Фестиваль аясында қызықты жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды. Батпырауық ұшырудан үздік шыққандар марапатталып, балаларға арналған шеберлік сабақтары өтті. Сабын көпіршіктер шоуы мен анимациялық қойылымдар көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар диджейлер мен би топтарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мерекелік көңілді одан әрі арттырды. Кешке қарай велоәуесқойлар жарысы мен көше биі сайыстары өтіп, мото-маусымның жабылу рәсімі қала тұрғындарына адреналин мен қуаныш сыйлады. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров фестивальдің мәніне тоқталып, оның қала өміріндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара тұрғындарға жағымды көңіл-күй сыйлап қана қоймай, отбасылық демалыс мәдениетін қалыптастыруға да серпін береді. Ол фестивальдің шығармашылық пен белсенділікті ұштастырған ерекше алаң екенін айтып, үздік қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталғанын жеткізді. Бұл дәстүрдің келешекте де жалғасын табатынын атап өтті.

Мереке тек бір бағыттағы шаралармен шектелмеді. Сол күні «Достық үйінде» Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікте – күшіміз!» атты халықтар достығы фестивалі өтті. Грузин этномәдени орталығы ұйымдастырған бұл шарада түрлі этнос өкілдері өз мәдениеттерін таныстырып, ән мен биден шашу шашты. Әр ұлттың әуені мен биі бір сахнада тоғысып, еліміздегі достық пен татулықтың айғағына айналды. Ассамблея ғимаратының алаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, армрестлингтен үздіктер анықталды. Бұл жарыстар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып, жастарды белсенді өмірге шақырды. Қатысушылар өз күшін сынап, мерекелік көңіл-күйде достық рухын сезінді. Қаланың саябақтары мен гүлзарларында өткен «Шымқала кештері» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламалар да мерекенің шырайын кіргізді. Қалалық өнер ұжымдары көрермендерге әсерлі ән мен биден шашу шашып, Республика күнін қуаныш пен шаттыққа бөлеп өтті. Бір мезетте өткен бұл түрлі бағыттағы іс-шаралар Шымкенттің өмірге, өнерге, бірлік пен қуанышқа толы қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Республика күні – тек мемлекеттік мереке ғана емес, ел рухын көтеретін, отбасылық және қоғамдық бірлікті нығайтатын ерекше күн ретінде есте қалды. Көкке самғаған батпырауықтар мен балалар күлкісі бұл мерекенің басты символына айналып, Шымкент аспанын шаттыққа бөледі.