ШЫМКЕНТТІҢ ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛДІК НАРЫҚТАРҒА ЖОЛ ТАРТУДА
Соңғы уақытта әлемде орын алған саяси оқиғалар жаһан елдерінің экономикасына айрықша әсер етті. Логистикалық тізбектің бұзылуы базардағы бағаның құбылуына әкелді. Осының өзі отандық өндірісті дамытудың қаншалықты маңызды екенін аңғартқандай. Өз кезегінде, елімізде жемісті жұмыс істеп келе жатқан мекемелер де жоқ емес. Солардың бірі – Шымкент қаласында орналасқан «Барыс-2007» ЖШС кондитерлік өнімдер фабрикасы.
Фабрика Қазақстанның оңтүстік аймақтарын печенье өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы нарықты қамту көрсеткіші 10-15 пайызды құрайды. Қуаттылығы – сағатына 700-1000 келі. Бұдан бөлек, аталған мекеменің «Таралли» және «Торчетти» кондитерлік өнімдерін шығаруға да мүмкіндігі бар. Фабрика өнімдері жергілікті нарықта айрықша сұранысқа ие. Бағасы арзан, сапасы жоғары. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпіріне де жөнелтілуде. Кәсіпкерлік мекеме еліміздегі ең ірі және бәсекеге қабілетті фабриканы құрып, жұмысын жемісті жүргізіп келеді. «Процес қоспа салудан бастап жалпы қаптауға дейін 2 жарым сағат уақытты алады. Оның бәрі бір цехта бір күнде істеліп бітеді. Шикізатын салу, қоспаға айналдыру, пештен өнімді шығарып бітіру, суытып қаптау жұмыстары бір күнде осы цехта істелінеді» дейді «Барыс-2017» ЖШС технологы Әсем Шойынова. Фабриканың бір тәулік ішінде 25 тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, печеньенің 20-дан астам түрі жасалады. Бұл туралы «Барыс-2007» ЖШС директорының міндетін атқарушы Сергей Югай былай дейді «Қазіргі таңда шикізат бағасының өсу динамикасына қарасаңыз әлдеқайда өскенін байқайсыз. Маргарин 40 пайызға, ұн 10-15 пайызға өскен. Біз түсінеміз бұл нарық. Бірақ, сапа мен бағаны сақтап қалуға күш салып отырмыз. Өнімнің құрамын арзан шикізатқа айырбастамадық. Өйткені сапа біз үшін бірінші орында. Барлық желі автоматтандырылған, жабдықтарды әлемге белгілі имафорни компаниясынан алдық. Еліміздегі кондитерлік өнімдердің 40 пайызы ресейден жеткізіледі. Сондықтан «Барыс 2007» серіктестігі өз шикізатынан отандық дайын өнімді шығаруда. Кондитерлік өнімдердің 70 пайызы тек елімізде сатылып қана қоймай, көрші елдерге де экспортталады». Маманның айтуынша, кондитерлік фабрика жылына 400 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Экспортқа шығатын өнім көлемі де арта түсуде. Бүгінде отандық өнім Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Қытай елдеріндегі нарыққа шығып отыр.