ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

97
0

Шымкент қаласында шағын және орта бизнес қарыштап дамып келеді. Салаға тартылар инвестиция көлемі де ауқымды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үшінші мегаполисте шығатын өнімнің 3,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды.

Оның ішінде тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 98 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал, кілемнің 100 пайызы үшінші мегаполистен шығады. Осылайша Шымкент отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды. Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы зауыт-фабрикалардың басым бөлігі «Оңтүстік» арнайы индустриалды аймағында орналасқан.  Өнеркәсіпті қолдау шараларының арқасында бүгінде Шымкент қаласында 60 белсенді экспортер-кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысымен экспорт көлемі 573,5 млн АҚШ долларын құрады. 2022 жылдың басынан Орта Азия елдері, Ресей, Қытай, Иран сияқты, жалпы 15 елге 460,1 млн АҚШ доллардың тауарын экспорттады. Бүгінде Шымкент қаласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңнан асып отыр. Оның 95 502 белсенді жұмыс істеп тұр. Экономиканың осы секторында 180 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Саладағы өнім көлемі 2021 жылы 1 трлн 607 млрд теңгені, ал салық түсімдері 102,5 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 101 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Оның ішінде заңды тұлғалар – 19,1 мың бірлік, жеке тұлғалар – 77,5 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,3 мың бірлік. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39%-ға өсім көрсетіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адам жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға артқан. Өндірілген өнім көлемі 2022 жылдың 1-тоқсанында 317,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1%-ға артқан. 2022 жылдың қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2%-ды құрады. Қорыта айтсақ, халықты жұмыспен қамтуда айрықша мәнге ие шағын және орта бизнестің әлеуеті артып келеді. Өз кезегінде, мұндай оң өзгерістердің жүзеге асуының артында жергілікті атқарушы биліктің тарапынан қолға алынып жатқан шаруаларының үлесі орасан.