1 ҚАҢТАРДАН БАСТАП ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР МӨЛШЕРІ АРТТЫРЫЛДЫ
Жыл сайын жаңа жылдан бастап елімізде бірқатар өзгерістер болады. Оның ішінде мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен зейнетақыға қатысты жаңа ережелер бекітіледі. Оның мөлшері де өседі. Биылдан бастап аталған көмек түрлері қаншаға өсті? Нендей жаңалық бар? Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…
Ресми деректерді алға тартсақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық бюджет есебінен төленетін зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайта есептеліп, арттырылатын болады. Бұл өзгерістер «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес жүзеге асырылады. Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға арттырылады. Мысалы, егер алушының 2024 жылғы 1 қаңтардағы зейнетақысы 82 000 теңге болса, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 8,5 пайызға өсіп, 88 970 теңгеге жетеді. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгеден 62 771 теңгеге дейін ұлғаяды. Айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгені құрайды. Жалақының ең төменгі мөлшері 85 000 теңге болып бекітілді. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңгеге тең болады. Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 32 360 теңгені құрайды.
Балалардың жәрдемақысы да едәуір өседі. Баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші бала үшін 149 416 теңгені, ал төртінші бала үшін 247 716 теңгені құрайды. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақыларға келсек, бірінші балаға 22 649 теңге, екінші балаға 26 777 теңге, үшінші балаға 30 867 теңге және төртінші балаға 34 995 теңге болып белгіленді. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі немесе қорғаншылары 74 427 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Сонымен қатар, «Алтын алқа» иегері атанған көпбалалы аналарға ай сайын 29 097 теңге, ал «Күміс алқа» иегерлеріне 25 165 теңге төленеді.