ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ІСІН ҚАРҚЫНДЫ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ

98
0

Инвестиция кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін береді. Сондықтан соңғы жылдары елімізде аталған салада қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан бастама көп. Осының арқасында үшінші мегаполис инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастап келеді. Мұны бұған дейін де жазған болатынбыз.

Кәсіпкерлерге жайлы орта қалыптастыру мақсатында қалада бірнеше индустриалды аймақтардың құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Мұның өзі төмендетілген тарифпен қуат көздерін тұтыну мен өзге де жеңілдіктерге ие болған кәсіпкерлердің бизнесін әрі қарай дөңгелетуіне таптырмас мүмкіндік екені белгілі. Жалпы Шымкент – республикалық қала статусын алған соң қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қарқынды дамып отырған шаһардың бірі. Шымкент,  әсіресе инвестицияға қолайлы қала. Яғни қалаға қызығып отырған инвесторлар тек еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес шет мемлекеттерден де ағылуда. Осы орайда бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов түркиялық инвестор “Milat Hali” компаниясының директоры Искандер Капланды қабылдады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар сөз болып, үшінші мегополис мүмкіндіктері жан-жақты айтылды. Кездесу барысында аталған компания құрылтайшылары одан әрі ынтымақтастықты арттыру мақсатында Шымкентте кілем және кілем бұйымдарын өндіруді іске асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.  Инвестициялардың жоспарланған сомасы — шаршы метріне 10 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асқандв жаңадан 300 жұмыс орны ашылмақ.  “Шымкенттің әлеуеті өте жоғары. Шаһарға инвестиция салушылардың қатары күннен-күнге артып отырғаны бізді қуантады. Халыққа пайдалы болатын әрбір жобаны қашан да қолдауға дайынбыз”,-деді әкім. Ал компания директоры Искендер Каплан өндірістің қала экономикасындағы экспорт үлесін арттыруға септігін тигізе отырып, жергілікті халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық беретінін атап өтті.  Айта кетейік, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.