ДЕПУТАТ БАЛАЛАРҒА МЕКТЕП СӨМКЕСІН СЫЙЛАДЫ

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын табуда. Қала мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабиев «Баланы мектепке дайындайық» партиялық акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларын қуанышқа бөледі. Ол өз қаражаты есебінен бірнеше оқушыға мектеп сөмкесі мен толықтай оқу құралдарын сыйға тартып, жаңа оқу жылын көңілді бастауға жағдай жасады.
Игі іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов пен қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова қатысты. Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Ербол Байқонысов бұл акцияның маңыздылығына тоқталып, биылғы жылы тек Шымкент қаласының өзінде партия мүшелері 850-ге жуық мектеп сөмкесі мен оқу құралдарын таратқанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – жаңа оқу жылы басталар алдында балаларға қуаныш сыйлап, олардың сабаққа деген ынтасын арттыру. Нұрсұлтан Балабиев бұған дейін қоғамдық қабылдау өткізіп, ата-аналардың өтініштерін тыңдаған болатын. Көптеген ата-ана балаларын мектепке дайындауға көмек сұрағандықтан, депутат олардың өтінішіне бейжай қарамай, қолдау көрсетуді жөн санады. «Барша оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Бүгінгі сыйлықтар сабақта озат болуға көмегін тигізсін деген тілегім бар. Баршаңызға сәттілік тілеймін» деді ол өз сөзінде. Мектепке берілген сөмкелердің барлығы толықтай қажетті оқу құралдарымен жабдықталған. Бұл балалардың жаңа оқу жылын еш қиындықсыз бастауына мүмкіндік береді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мұндай көмек аса қажет екені белгілі. Қалада білім алуға деген сұраныс жоғары, ал кейбір ата-аналар үшін оқу құралдарын алу үлкен салмақ түсіретіні жасырын емес. Осындай жағдайда қоғам қайраткерлерінің, депутаттар мен партия мүшелерінің қолдауы аса маңызды.
«AMANAT» партиясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Баланы мектепке дайындайық» акциясы қоғамда кең қолдау тауып отыр. Бұл бастама еліміздің әр өңірінде іске асырылып, мыңдаған балаға қуаныш сыйлауда. Игі іс-шара тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен бірге балаларға қамқорлықтың, мейірімділіктің және ынтымақтастықтың үлгісі болып отыр. Жаңа оқу жылы – әрбір оқушы үшін жаңа үміт, жаңа мақсаттар кезеңі. Балалардың білімге деген қызығушылығын ояту, олардың болашағына сенім ұялату – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осындай қайырымдылық шаралары арқылы балалардың бойында мейірімділік пен алғыс сезімі қалыптасады. Сонымен қатар бұл бастамалар ата-аналардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен өзара көмек құндылықтарын дәріптейді. Шымкент қаласындағы игі шара – елдің әр түкпірінде өтіп жатқан ізгі бастамалардың бір бөлігі ғана. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесі, яғни жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың ой-өрісін дамытуға жағдай жасау. Жаңа оқу жылын қуанышпен бастаған балалардың жүздеріндегі шаттық пен көздеріндегі үміт – осындай қайырымды істердің ең үлкен жемісі.