УЛЫ ГАЗДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАС ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

228
0

Жылыту маусымы басталғаны белгілі. Бұл кезеңде улы газдан улану, өрттің болуы оқиғалары әдеттегіден жиі тіркеледі. Өкінішті жағдай туғызатын өрттің болуына ең бірінші кезекте қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болып жатады. Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бұл олқылықпен күрес мақсатында жылыту маусымы басталғанға дейін де, жылыту маусымы басталғаннан бастап тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруде. Олардың қатарында Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мұстафа Ишметовта бар.
Өз кезегінде ол «Улы газдың құрбаны болмас үшін не істеу керек?»,- деген uakit.kz сұрағына төмендегідей жауап жолдады.
– Улы газдан улану кейде өлімге әкеп соқтырады. Улы газ кез келген жану процесінде түзіледі. Яғни газ қондырғылар мен үйдегі пештерді талапқа сай қолданбаса ауаға улы газ тарайды. Ең маңыздысы улы газдың ауаға таралғаны бірден сезілмейді. Айқын көрінбейді. Себебі оның иісі, түсі, дәмі жоқ. Адамдардың улы газдан құрбан болуының негізгі себебінің бірі осы. Сондықтан да улы газды көбінесе «үнсіз өлтіруші» деп атайды. Көбіне, көміртегі тотығымен улану пешті жылытудың дұрыс жұмыс істемеуі нәтижесінен орын алады. Улы газ ауаға тез таралады. Және улы қасиеттерін жоғалтпай ауамен араласады. Ол адамдардың бойына тыныс алу кезінде денеге енеді. Сөйтіп өкпе арқылы қан айналымы жүйесіне өтіп, гемоглобинмен байланысады. Нәтижесінде қан тіндерге оттегін тасымалдау және жеткізу қабілетін жоғалтады. Тез арада жедел жәрдем шақырылмаса, жағдай өкінішпен аяқталады.
Көміртегі тотығымен уланудың алғашқы белгілері көру қабілетінің нашарлауы, есту қабілетінің төмендеуі, маңдай аймағындағы жеңіл ауырсыну, бас айналу болып табылады. Егер де сізде немесе Сіздің жақынызда осындай белгілер байқалса тез арада таза ауаға шығу қажет. Және жедел түрде алғашқы медициналық көмек шақыру керек.
Осылай деген Мұстафа Ишметов улы газбен улануды болдырмау үшін келесідей ережелерді сақтауды айтты. Олар:
– Пештегі жарықтар, бітелген мұржалар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сол үшін кез келген саңылауды ұсақ-түйек деп қарамай, жөндеп, ретке келтіру қажет;
– Желдету арналарының болуын басшылыққа алыңыз;
– Газ плитасын жылыту үшін қолданбаңыз.
Сонымен қатар ол қауіпсіздік ережесін сақтау өзіңді және жақындарыңды қауіптен қорғаудың ең маңызды алғышарты екенін айтып, тұрғындарды мамандардың кеңесіне құлақ асуға шақырды.