МЕКЕМЕ ЖҰМЫСЫ ЖАҚСАРА ТҮСТІ

Шымкентте медицина саласының мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Солардың қатарында қалалық перхентхана да бар. Жаңарған ғимарат пен өзгерген материалдық-техникалық база мекеменің жұмысын оңтайландырып, нәтижесін жемісті етуде.

Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде. Материалдық-техникалық база жаңарған. Сәйкесінше, қызмет сапасы да жоғарылаған. Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған еді. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды. Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды. Атқарылған жұмыстар аналардың көңілінен шығып жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін жиі айтып келеді. Яғни бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса береді. Қаладағы туу көрсеткіші қазірдің өзінде жоғары. Демографиялық өсімге ілесіп отыру үшін перзентханалар кешенді түрде дамыту жұмыстарынан өтуі тиіс. Бұл бағытта атқарылған іс те аз емес. Болашақта да жалғаса бермек. Аналарға жағдай жасау бастамасы өңірде ғана емес жалпы елде айрықша назарға алынып келе жатыр. Президенттің өзі бастамашы болған игі істер болашақта да жалғаса бермек.