САПАЛЫ ИНТЕРНЕТКЕ СҰРАНЫС АРТҚАН
Жыл өткен сайын интернеттің қоғам өміріндегі маңызы артып барады. Өз кезегінде, елімізде аталған бағытта қолға алынып жатқан шаруа қыруар. Оның ішінде үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Мәселен, Шымкент қаласында өткен жылы шалғай орналасқан 10 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылды. Олар – Ақжайық, Достық, Асар, Сәуле, Шұғыла, Көкбұлақ, Тассай, Нұртас, Таскен, Пахтакор шағынаудандары.
Биыл цифрландыру басқармасы тағы 15 елді мекенге сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас,Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағы оптика желісі жүргізіліп, 165 000 — нан аса тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады. Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполиске жақында қосылған шағынаудандар мен елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернет мәселесі біраздан бері түйткілді түйінге айналып отыр еді. Әсіресе бұл мәселе балаларды қашықтан оқыту кезінде айрықша білінді. Дегенмен атқарылып жатқан жұмысты көргеніміз жоқ деген ойдан аулақпыз. Бастамалар көтеріліп келеді. Жоғарыда жазған жұмыстар жайы — мұның дәлелді дәйегі. Сапалы интернет — заман талабы. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90% дерлік автоматтандырылды, цифрландыру бизнес-процестерге де белсенді енгізілуде. Яғни ғаламтор қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналуда. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет желісін тартып, халықтың үйде отырып-ақ мемлекеттік қызметті алуына барынша жағдай жасалуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкенттің мерейі үстем. Бүгінде тұрғындар өздерін мазалаған кез келген сауал бойынша әкімдікке жүгініп, тиісті шаралардың дер кезінде қолға алынуына ықпал ете алады. Бұл қатарда интернет сапасына қатысты мәселелер де бар. Шешіліп келеді. Жуық арада қалаға қарасты барлық шағынаудандарда сапалы интернеттің боларына күмән жоқ.