ҚЫЗЫЛ СУ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

92
0

Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының тұрғындары сапалы жол мәселесін көтерген болатын. Тұрғындардың сөзінше, жаңбыр мен қар жауса, өңірдегі көшелер лай мен батпаққа толып, бірқатар кедергілер келтіруде. Бұдан бөлек, мектепке баратын балаларға да қиындық туғызған. Осы орайда, қалалық әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынып, жол жөндеу жұмыстары қарқын алған.

Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов аумақтағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып қайтты. Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал, 2 кезеңіндегі жалғасы КХ-41 автомобиль жолының атауы жоқ көшеге дейінгі аумақты алып жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 3-кезеңге сәйкес жұмыстар КХ-41 автомобиль жолынан атауы жоқ көшеге дейінгі аралықта жүргізілуде. Көшенің ұзындығы – 2 шақырым, ені-5м. Қазіргі таңда асфальтбетон жамылғысының 1 қабаты төселіп, жұмыстың 80% аяқталды. Екінші қабатын төсеу жұмыстары жүріп те жатыр. Шаһар басшысы бұған дейін Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы Сыдықхан ата көшесіне барып, құрылысы біткен жолдың сапасын өз көзімен көріп, тексеріп қайтқан еді. Көшенің ұзындығы — 2,7 шақырым, ал ені — 5 метр. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Жалпы биыл Шымкентте 308 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 145-нде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 163 көшенің жұмыстары күзге дейін аяқталады деп күтілуде. Бастамалар толығымен жүзеге асса қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 60 пайызға жақындайды. Қала берді, бұған дейін өзекті мәселе ретінде қаладан шалғайдағы елді мекен тұрғындары жолды жиі айтатын еді. Енді биыл орталық көшелер емес дәл сол шағынаудандар мәселесі шешіліп жатыр. Жоғарыда аталған мысалдар — мұның нақты да айқын айғағы.