ШЫМКЕНТТЕГІ САУДА ОРЫНДАРЫНДАҒЫ КӨЛІК ТҰРАҚТАРЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛЕДІ
Шымкент қаласындағы сауда орындарының айналасындағы көлік тұрақтарды ретке келтіру бойынша жиын өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгін қала ішіндегі көліктердің жүріс қозғалысын оңтайландыру бойынша арнайы ұйымдастырылған жиналыс өтті. Кездесуде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік қозғалысында енгізілетін өзгерістер талқыланды. Аталған кездесуге қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары, қалалық полиция департаментінің өкілдері, тасымалдаушы компания жетекшілері мен сауда орындарының басшылары қатысты.
Жұмыс тобының мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелісін азайту мақсатында жол қозғалысы қауіпсіздігін оңтайландыру, сауда орындарының алдына көлікке арналған тұрақ ұйымдастыру. Бұған қоса тиісті жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату да маңызды болып тұр.
Жауапты мамандар сауда орталықтарының өкілдерінің осы мәселе бойынша ұсыныстарын тыңдады. Алдағы уақытта көліктердің жүріс қозғалысын оңтайландыру бағытында бірқатар тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Айта кету керек, қаламызда қауіпсіз жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар тұрақты түрде атқарылып келеді.
Жалпы қала аумағында 284 бағдаршам нысаны болса, ағымдағы жылы қажеттілігі бар аймақтарға қосымша 12 бағдаршам орнатылды. Сонымен қатар, қала көшелеріне жалпы 450 шақырым жол таңбалары сызылып, 4000 дана жол белгісі орнатылды. Келер жылғы жоспарға сәйкес, 15 аймаққа бағдаршам орнату жоспарлануда.
Естеріңізде болса, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 200 орынға 800 «Сергек» камерасы орнатылған болатын. Биыл да қала аумағында құқық бұзуды тіркеуге арналған автоматты камералар желісін кеңейту бойынша 50 орынға 200 дана«Сергек» камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде.