ЖОЛАЙРЫҚТАР ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНІҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ
Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Ұланбек Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Ірі қалалардағы көлік қозғалысын оңтайландыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынады. Соның классикалық үлгісі – жол айрықтары. Шымкентте де соңғы жылдары жолайрыққа қатысты бірнеше жоба жүзеге асырылуда.
Соның бірі – Бәйдібек би даңғылы мен Ұланбек Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы. Бұл жоба 2021 жылы басталды. Жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейден тұрады. Арғынбеков көшесі арқылы қозғалыс төменгі деңгеймен, Бәйдібек би даңғылындағы қозғалыс жоғарғы деңгеймен жүрсе, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасады.
Жалпы, екі ірі магистралды жолдың қиылысындағы жолайрық құрылысы үшінші мегаполис тұрғындары мен көлік жүргізушілері үшін маңызды нысан саналады. Себебі, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесі – қаланың оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғастыратын негізгі магистралды күре жолдар.
Жоба нәтижесінде осы көшелердегі көлік өткізу ауқымы артады. Мысалы, 2016 жылы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, осы қиылыстағы Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі тәулігіне 24,3 мың көлікті құраса, 2019 жылы 33,4 мың автокөлікке көбейген. Ал Арғынбеков көшесімен 2016 жылы тәулігіне 22,6 мың көлік жүрсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 31,9 мыңға көбейген.
Мамандардың есебінше, жолайрық пайдалануға берілген соң Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі тәулігіне 60 мың көлікке, ал Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың көлікке көбейеді. Жоспар бойынша нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын аралап, жұмыс қарынымен арнайы танысуда. Шаһар басшысы мердігер мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы да өз уақытында орындауды талап етуде. Өйткені қала көшелері қаланың күре тамыры. Осы ретте қала тұрғындарына ыңғайлы жағдайды қалыптастыру мемлекеттік басты міндеті болып табылады.