ШЫМКЕНТТЕ ЖЕТІ БАЗАР ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТІП ЖАТЫР

102
0
Шымкент қаласындағы 12 базарда реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталған, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте реконструкциялау және құрылыс нормаларына сай ету мақсатында тағы 7 базарда реконструкциялау жұмыстары өз жалғасын табуда. Мамандардың айтуы бойынша, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы қала базарларын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, базарларды жаңғыртуды талап етеді. Заң талаптарына сәйкес, Шымкенттегі 19 базар модернизациядан өтуге жатады.
Оның ішінде 12 базарда, жоғарыда айтқанымыздай, реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай (Алатау)», «Акбар», «Иманалиев» мал базары», «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек жолы», «Жаңа шахар», «Назым апа» және «Көмеш бұлақ» базарлары талапқа сәкестендірілген.
Ал, «Авто Нұр», «Орталық қырғы базар», «Алаш», «Айна», «Дархан», «Самал», «Нұр Сайрам» базарларында модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бұл базарлар сауда қызметін ұйымдастыру қағидаларына, оның аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарға сәйкестендірілуде.
Ресми деректерге сүйенер болсақ, биыл «Нұр Сайрам» және «Дархан» базарларында қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталады.
Шымкент қаласының қонақтары мен тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында базарларда ақпараттық стендтер орнатылған. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиологиялық, ветириналық талаптарға сәйкес келтіру бойынша да жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы сауда орындарының айналасындағы көлік тұрақтарды ретке келтіру, қала ішіндегі көліктердің жүріс қозғалысын оңтайландыру бойынша арнайы ұйымдастырылған жиналыс өткен болатын. Кездесуде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік қозғалысында енгізілетін өзгерістер талқыланды. Аталған кездесуге қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары, қалалық полиция департаментінің өкілдері, тасымалдаушы компания жетекшілері мен сауда орындарының басшылары қатысты.