ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында ерекше мазмұндағы көрме өтті. «Заң мен Тәртіп» деп аталатын бұл фотокөрме полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен қоғам алдындағы жауапты міндетін көрсетуге арналды. Көрме қонақтары құқық қорғау саласының беймәлім жақтарын, яғни әр күн сайын тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жандардың өмірін суреттер арқылы тамашалады.

Экспозицияда полиция қызметкерлерінің түрлі бағыттағы жұмысы қамтылған. Мұнда олардың көшелерді патрульдеу кезіндегі, қоғамдық тәртіпті сақтау барысындағы және төтенше жағдайларда әрекет ету сәттеріндегі көріністері бейнеленген. Әрбір фотосурет – полицейдің табандылығы мен кәсібилігін айқын көрсететін дерек, өмірден алынған көрініс. Суреттерде қызметке адалдық, батылдық пен жауапкершілік айқын сезіледі. Бұл туындылар қарапайым кадр ғана емес, ел тыныштығы үшін тер төгіп жүрген жандардың шынайы бейнесін паш ететін шынайы деректер іспетті. Көрменің ашылуында Ұлттық ұлан оркестрінің орындауындағы әуендер ерекше әсер сыйлады. Музыка мен суреттер үйлесім тауып, іс-шараның салтанатты әрі рухты атмосферасын күшейтті. Қонақтар арасында қала тұрғындары, түрлі сала өкілдері, ата-аналар мен балалар көп болды. Көрмені тамашалауға арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да келді. Олар үшін бұл шара тек көрме емес, шынайы өмір сабағына айналды. Жасөспірімдер фотосуреттерге үлкен қызығушылық танытып, полицейлердің жұмысы туралы сұрақтар қойды. Бұл олардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға себеп болды. Жастардың бірі өз әсерімен бөлісіп «Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын қорғаудағы ауыр, бірақ абыройлы еңбегін жақынырақ таныдық. Мұндағы әрбір сурет ерлікке, адалдыққа және өз ісіне деген сүйіспеншілікке толы. Әр адам бұл көрмеден өзіне бір ой түйеді. Біреу үшін – үлгі алатын мамандық, екіншісі үшін – құрметке лайық еңбек, ал басқаларына – шабыт пен жігер береді» деді. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың полицияға деген сенімін арттыру және құқық қорғау органдарының қоғамдағы беделін нығайту. Сонымен қатар көрме арқылы полицей бейнесі тек қызметтік киім киген адам ретінде емес, ел тыныштығының, заң мен тәртіптің шынайы қорғаушысы ретінде көрсетілді.

Фотокөрме тәртіп сақшыларының тынымсыз еңбегін халыққа жақындатудың тиімді тәсілі болды. Әдетте азаматтар полицейлердің жұмысын тек сырттай байқап, кейде бағалай бермейді. Ал бұл көрме олардың күнделікті қызметінің қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін жан-жақты танытты. Іс-шараның тәрбиелік маңызы да зор болды. Әсіресе жас буын үшін бұл – батылдық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау – оңай міндет емес. Көрмеде бейнеленген әрбір кадр – осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың табандылығы мен ерлігіне арналған құрмет. «Заң мен Тәртіп» фотокөрмесі – тек көркем өнер туындысы ғана емес, полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін паш ететін рухани оқиға. Ол арқылы қала тұрғындары заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, қоғам қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтің қаншалықты маңызды екенін сезінді.