ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҮЗДІКСІЗ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

90
0

Шымкент қаласында аулаларды абаттандыру ісі қарқын алған. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты аудандарда бірнеше спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Осының арқасында өскелең ұрпақтың арасында салауатты өмір салты жан-жақты насихатталып келеді. Бұдан бөлек, қала көшелерінің тазалығы да назардан тыс қалған емес.

Мәселен, Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында көпқабатты тұрғын үй аулаларында санитарлық тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Аудан аумағында жалпы 258 аула орналасқан. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыс алаңшалары мен көше бойындағы көпқабатты тұрғын үй аулалары тазартылды. Олардың ішінде Республика №10, Добролюбов көшесі 2 үйдің және Гагарин көшесі 124 үй іргесіндегі қоқыс алаңшалары бар. Аталған жұмыстар күнделікті жалғасып, бекітілген кестеге сәйкес, атқарылуда. Сонымен қатар, аулалардағы шөптер орылып, балалар ойын алаңшалары ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынып, аудан әкімі аппаратының Халықпен жұмыс жүргізу бөлім тарапынан қадағалануда. Айта кету керек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады. Айта өту керек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады. Соңғы уақытта аталған бастама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Бірқатар өзекті деген ұсыныстар мен өтініштер де айтылды. Бастысы тұрғындардың ұсынысы қараусыз қалмаған, қалмақ та емес.