БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ — ЕЛДІҢ ДАМУЫ

94
0

2025 жылға дейін республикада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1000 мектеп салынбақ. Ал Шымкент қаласында осы тапсырма негізінде 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтермек. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

Шымкентте білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бұгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген. Бұл туралы шаһар басшысы «2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр» деді. Сондай-ақ, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешілмек. Биылдан бастап 103 мың бастауыш сынып оқушысы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Шымкентте 500 орындық заманауи Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Айта кетейік, Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған. Қазіргі уақытта қаладағы бірқатар ғимараты ескірген білім ордаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның өзі орын тапшылығы мәселесін шешуге мұрындық болмақ. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұқмыстар қарқынды түрде жалғаса береді. Ал атқарылып жатқан жұмыстар шаһар басшысының тікелей бақылауында. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының 2022 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қарашасында №137 жалпы орта білім беру мектебінің базасында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген  нормативтік құжаттарымен таныстыру және білім сапасын көтеруде мұғалімдерге әдістемелік көмек ұсыну мақсатында «Сабақты жоспарлау — білім алудың негізгі кепілі» тақырыбында әдістемелік сағат ұйымдастырды. Әдістемелік сағатқа №71-139 аралығындағы жалпы орта білім беретін мектептер мен жекеменшік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестік жетекшілері түгел қатысты. Іс-шара барысында пән әдіскері Ж.А.Арысбаева ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құжаттарымен таныстырды. Білім сапасын арттыруда мұғалім мен оқушы арасында оқыту теориясының дамытылуы мен оның практикада орынды қолданылуы, оқыту бағдарламасы мен оқу құралдарының сапасын қамтамасыз ету, мұғалімнің әдістемелік шеберлігі, дұрыс ұйымдастыра білуі және осы мақсатта жүйелі жұмыс жүргізе білуі жайлы әдістемелік ұсынымдамалар берді.