130 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

30
0

Түркістан облысы – еліміздің жұмыспен қамту бағытындағы көшбасшы өңірлердің бірі. Биылғы жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша мұнда 74 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Оның ішінде 36 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа ие болған. Бұл – белгіленген меженің 97 пайызы. Мұндай қарқынды көрсеткіш облыстағы еңбек нарығын тұрақтандыруға және халықты сапалы еңбекпен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық.

Жаңадан ашылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі болып отыр. Бұл республика көлемінде ең жоғары көрсеткіш саналады. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында алдағы жылдары өңірде 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жұмыссыздықты азайтуға және тұрғындарды табысты еңбекке тартуға бағытталған бастамалар облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, инвестициялық жобаларды арттыруға ерекше назар аударды. Жұмыс орындары бірнеше негізгі бағыттар бойынша құрылуда. Ұлттық жобалар мен жеке инвестициялар есебінен төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 22 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 46 мыңнан астам азамат еңбекке тартылады. Ал бос жұмыс орындары арқылы тағы 57 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылады. Мұның барлығы еңбек нарығын жандандыруға бағытталған нақты шаралар болып табылады. Өңірде ірі инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асуда. Бүгінгі таңда 375 жоба іске асырылып жатыр, олардың аясында екі жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан бөлек, жеке инвестициялық жобалар да халықты жұмыспен қамтуға үлес қосуда. Құны жоғары 125 жоба қолға алынып, олардың жүзге жуығы іске қосылды. Соның нәтижесінде 1 398 азамат жаңа жұмысқа орналасты. Аталған жобалар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылым және туризм салаларын қамтиды.

Жұмыспен қамтудың тағы бір маңызды бағыты – жеке кәсіпкерлік субъектілері арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу. Бұл салада 22 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған болса, қазіргі таңда сегіз мыңнан астамы жүзеге асты. Белсенділік танытып отырған аудандар қатарында Отырар, Ордабасы, Арыс және Төлеби бар. Сонымен бірге тұрақты еңбек орындарына жол ашатын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері де жиі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері өткен 59 жәрмеңке нәтижесінде екі мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Жастарды қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. «Жастар тәжірибесі», «Күміс жас», қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламалары белсенді жүргізілуде. Бүгінге дейін 24 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ниетті тұрғындарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар ұсынылуда. Биыл 1 793 азаматқа грант бөлу қарастырылып, маусым айында 859 адам қаржылай қолдауға ие болды. Тамыздың соңына дейін тағы 934 адамға грант берілмек. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 2,82 миллиард теңге қарастырылған. Жұмыспен қамту саласында тек жаңа орындар құру ғана емес, сонымен бірге олардың тиімділігін бақылау да басты назарда. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңға жуық азамат тексеріліп, еңбек тәртібін бұзған үш мың азаматпен келісімшарт бұзылды. Соның нәтижесінде бюджеттен екі миллиард теңге үнемделді. Бұл – еңбек нарығындағы тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етудің нақты мысалы. Алдағы жылдары өңірде құны 2,9 триллион теңгені құрайтын 111 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың аясында 22,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда оннан астам жоба іске қосылып, үш мыңға жуық азамат жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы 44 жобаның іске қосылуы көзделіп отыр.

Осылайша, Түркістан облысында қолға алынған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» уақытша шара емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты құралына айналып келеді. Әрбір жаңа жұмыс орны – бір отбасының әл-ауқаты мен бір жастың болашағына жол ашады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшысының жеке бақылауында болып, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен басқармаларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.