ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ҚЫЗМЕТТЕР ҚОЛЖЕТІМДІ

115
0

Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту шаралары қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау бағытында да қыруар іс тынды. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған түрлі жеңілдіктер бар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан саладағы қызмет көрсету ісін ілгерілету бағытындағы іс-шаралар бір сәтке болсын тоқтаған емес.

Мәселен, 2020 жылы іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни, бұл санаттағы азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізе алады. Жыл басынан бері протездік-ортопедиялық құралдарға мүгедектігі бар азаматтардан 4 921 құралға өтініш қабылданып, 1 818 құрал қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 10 566 құралға өтініш қабылданып, 9 215 құралмен қамтылды. Мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 876 өтініш қабылданып, 339 құралмен қамтылды. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 449 азамат мұқтаж болса, 2 228 азаматқа қызмет көрсетілді, 8 438 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 1 368 азамат қамтылды. Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 18 көлікке 437 азаматтардан өтініш қабылданып, 18 387 өтінімге қызмет көрсетілді. Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін арналған «Әлеуметтік такси» 58 автокөлікке 886 азаматтан өтініш қабылданып, 15 428 өтінімге қызмет көрсетілуде. Үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 2022 жылы 100 жолдама берілді. Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкент қаласында 37 901 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 3 534, екінші топтағы мүгедектер – 14 863 , үшінші топтағы мүгедектер – 12 459, 18 жасқа дейінгі 7 045 мүгедек бала тіркелген. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте көпбалалы аналарды қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда қиындыққа тап болған аналарға түрлі кеңестер беріледі. Бағыт-бағдар көрсетіліп, белгілі бір кәсіп түрін меңгеруіне көмектеседі.