ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІН ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?
Үшінші мегаполисте инфрақұрылым мәселелерін шешу мақсатында қыруар іс атқарылып келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, үшінші мегаполистегі 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады.
Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар – Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу елді мекені, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ елді мекені. Ал Сайрам елді мекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылған. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады. Шығатын қорытынды біреу, шымкенттіктердің тағы бір түйткілді мәселесінің шешілуіне аз ғана уақыт қалды. Айта кету керек, бүгінде үшінші мегаполисте 8 елді мекенде электр энергиясы, 31 елді мекенде табиғи ғаздың сапасы жөнінде мәселелер бар. Биыл сапалы электрмен қамтуда 16, табиғи газ жүйесі бойынша 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапалы электрмен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту 94,7 пайызға өседі. Жалпы 2025 жылы электр қуаты және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады. Сонымен қатар, биыл 19 кәріз жүйесінің құрылысы атқарылуда. Нәтиижесінде, кәрізбен қамту 54 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғаяды.