ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ЕСКЕРІЛЕДІ

56
0
Еңбекші ауданының тұрғындары аудан аймағында 25 ауланы абаттандыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Осыған орай биыл 25 ауланы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жеке секторда 4 кешенді балалар ойын алаңшасы құрылады.
Жалпы, бүгінде аудан аумағындағы 283 көпқабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Жоба іске қосылған жылы 41 аула абаттандырылып, ойын алаңшалары ашылды. Былтыр 75 көпқабатты үйдің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жеке секторда 11 кешенді балалар ойын алаңшасы құрылды. Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында былтырғы жылы 6 спорт алаңшасы орнатылып, 5 алаңшаға қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 7 спорт алаңшасын орнату жоспарлануда.
Айта кету керек, өткен жылы Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылды. Шағынаудандағы №7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игілігіне берілді. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар да аяқталды. Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген. 2021 жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылған болатын.