ТҰРҒЫНДАР ҚОЗҒАҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЖАЙ-КҮЙІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

64
0

Ашықтықты қамтамасыз ету бағытында облыс, қала және аудан әкімдері жергілікті тұрғындармен тоқсан сайын есепті кездесу өткізіп келеді. Ал Шымкент қаласында жоспарлы жүздесуден бөлек, шаһар басшысы Мұрат Әйтенов әр шағынаудан пен елді мекенге барып, тұрғындармен тілдесіп, мәселелерін тыңдауда. Әрбір мәселе бойынша хаттама толтырылып, тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, бір ғана Абай ауданы тұрғындарынан түскен ұсыныстар мен тілектерге қатысты 110 хаттамалық тапсырма берілген.

Бүгінде аталған тапсырмалардың 57-і орындалған. Қалғаны бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Оның ішінде Ынтымақ ауданына қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Қала басшысы Мұрат Әйтенов жуырда аталған ауданның тұрғындарымен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерімен бірге талқылады. Шешімін тапқан мәселелерге келсек, Ынтымақ-2 шағын ауданын сапалы табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Бұдан бөлек, Есенов көшесінің жарықтандырылмаған 1,2 км бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілілп, жұмыс аяқталды. Дәл сол көшедегі тозығы жеткен 300 метр аяқ жол салуға қаржы қаралды. Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 5 топырақ жолға шағал тас төселді. Мердігер мекеме тарапынан жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар Темірлан тас жолынан кіретін Ирисмат ата көшесі №55 қоғамдық көліктің бағытын кеңейту жұмыстары да жүзеге асып, мәселе шешімін тапты. Ал аяқжол салу жұмыстары жолды кеңейту жұмыстары атқарылған соң жүргізіледі. «Жаңаталап» тұрғын алабындағы Айбар көшесінің жалғасы ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен асфальтталады. Ал «Самал-3» шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары 75 пайызға аяқталды. Жыл соңында 4300-ге жуық үйге кәріз қосылады. Шаһар басшысы Абай ауданы белсенді тұрғындарымен кездесуде қала аумағына енген елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайы күн тәртібінен түспейтінін, мәселенің орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Жалпы мұндай жиындар жемісті нәтижесін беріп келе жатыр. Өңір-өңірде ауқымды мәселелер шешіліп, тұрғындарды мазалаған мәселелер бойынша жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.