МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

97
0

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент жұмыс тобының бастамасымен «ХХ ғ. І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жиынға М.Әуезов атындағы ОҚУ мен ОҚМПУ атсалысып отыр.

Ғылыми конференцияға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің мүшесі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитетінің бас сарапшысы С.Алғалиев, мемкомиссияның өңірлердегі жұмыс топтарының өкілдері, ғалымдар қатысты. Конференцияға қатысушылар «Тоқтаған уақыт» атты оңтүстіктегі қазақ байларынан тәркіленген бұйымдар көрмесімен танысты.

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент жұмыс тобы екі жылға жуық мерзімде комиссия бекіткен 11 бағыттың 9 бағыты бойынша жұмыс жүргізіп, архивтерден түрлі тың деректерді анықтап, оны зерделеп-зерттеу мақсатында өзге өңірлерге, елдерге іссапарға шығып, құжаттар жинақтады. Бүгінде нақтыланған бірқатар құжаттар мемкомиссияға беріліп, тағы бір парасы жолдауға әзірленіп жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның өңірлік жұмыс тобы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында ұсыныстарын айтып, сондай-ақ, олардың іс жүзінде ақталмаған санаттарының толық тізбесі жинақталып, мемлекеттік комиссия ұсынған есімдер бойынша да құжаттар зерттелді. Шымкент қаласының әкімдігі ары қарай да істің нәтижелі жүргізілуіне қолдау білдіріп, атсалысатын болады. Ал, бүгінгі ғылыми конференция жұмыс тобының мәселені ашық талқылап, өңірлік жұмыс топтарының мәлімет алмасуына мол мүмкіндік береді деп сенеміз, — деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б.Әділханов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің мүшесі С.Алғалиев әлі де тарқатылмаған сыры көп, ғылыми конференцияға арқау болған тақырыптарды ғылыми орта ғана талқыламай, әрі қарай ЖОО қабырғасындағы студенттер мен магистранттар да өзінің ғылыми жұмысы ретінде зерделесе деген тілегін жеткізді.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жарлығынан соң, мемлекеттік комиссия құрылып өз жұмысын бастап кетті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымовтың ұйымдастыруымен өңірлік комиссиялар жұмысты жүйелі жалғастырып келеді. Өңірлік комиссиялардың жетекшілігі әкім аппаратының қызметкерлеріне жүктелген. Бүгінде әр аймақтың жоғары оқу орындарының ғалымдары, ізденушілерінен құралған ғылыми ортасы ақтау жұмыстарына ерекше атсалысып келеді. Олардың жинаған құжаттары негізінде жинақтар басылды. Өткен жылы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің көптеген құжаттарының құпиясыздандырылуы нәтижесінде бірқатар архив құжаттары кітап болып басылып, жер-жерге тарқатылды. Осы үрдіс ары қарай жалғасын табады, -деді Серік Сәкенұлы.

ҚР Президенті архивіндегі ХХ ғасырдағы саяси-қуғын сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Г.Нұрымбетованың айтуынша, мемлекеттік комиссияның жұмысына архивтердің тигізер көмегі зор.

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы басталған соң, бірқатар архивтік құжаттарды пайдалануға қатысты мәселелер туындады. Мәселені реттеу мақсатында 2021 жылы Президент әкімшілігінің бұйрығымен Президент архиві жанынан ХХ ғасырдағы саяси-қуғын сүргін материалдарын зерделеу орталығы құрылып, онда ҚР Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік Комитеті мен Бас прокуратураның материалдары бір орталыққа жинақталып жатыр. Бұл жұмыс комиссия жұмысын оңтайландырып, қолжетімді ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Келешекте бұл құжаттардың электрондық нұсқасы да әзірленіп, қорда сақталатын болады, — дейді Гүлшат Рамазанқызы.

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, т.ғ.к., доцент, жұмыс тобының бағыт жетекшісі Г.Жанысбекованың айтуынша, бұған дейін «Оңтүстіктегі жаппай саяси қуғын-сүргін: тауқыметті тағдырлар» ғылыми мақалалар жинағы шыққан. Ал, бүгінгі ғылыми конференция аясында «Оңтүстік өңірдегі саяси қуғын-сүргін: құжаттар мен материалдар» көптомдығының бірінші томы таныстырылды. Сондай-ақ, өңірлік жұмыс тобындағы 25 зерттеуші зерделеген құжаттар республикалық сараптамадан соң көптомдықтың 430 беттік екінші томына енгізіліп, баспаға ұсынылып отыр. Айта кетейік, ғалымдар пленарлық отырыстан соң, 5 секцияға бөлініп, бағыттық жұмыстар бойынша талқылау жасады.